Бүгін 2025 жылдың 9 қазанында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шараға қала тұрғындары, облыстық мәслихаттың төрағасы, басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың төрағалары және мүшелері қатысты.
Кездесу барысында облыс басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында баяндады. Баяндамадан кейін Марат Елеусізұлы азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. 2 сағаттан аса уақытқа созылған жиында жалпы саны – 17-ге жуық мәселе бойынша талап-тілек пен өтініштер қаралды. Облыс әкімі жауапты басқармалармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе, сұрақтардың жауабын қарастырып, тиісті мекемелерге бірқатар шешімдер ұсынып, тапсырмалар берді. Көтерілген мәселелер: жол, көше жарығы, жер, баспана, жол белгілері мен бағдаршамның жоқтығы жайлы болды. Сонымен қатар, тұрғындар қалаға мәдениет үйі мен жастарға арналған спорт кешенін салып беруді сұрады. Одан бөлек Алатау қаласының құрылуымен байланысты туындаған спецификалық мәселелер де айтылды.
Атап өтсек, бұрынғы Жетіген қазіргі Алатау қаласында қырық жылдан аса уақыт тұрып келе жатқан қала тұрғыны Құралай Малдыбаева жол мәселесін көтерді. Оның айтуынша, әр жылы жолдың жартысы ғана салынады екен, сондықтан облыс басшысынан қала бойынша толықтай қашан жол төселетіні жайлы сұрады.
Бұл сұраққа Алатау қаласының әкімі Аркен Утенов жауап берді. «Жолды салу үшін бірінші қаражат керек, сосын жоба керек. Бүгінгі күні Алатау қаласының 102 көшенің жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр. Жыл соңына дейін сараптамадан шықса, келесі жылы қаражаттың бөлінуіне қарай қалған көшелерге жол төселеді», - деді ол.
Сонымен қатар, тұрғын қала болғалы жағдайдың біршама жақсарғанын да жасырмады. Мысалы, бұрын инфрақұрылым тұрмақ, ұялы байланыстан да мақұрым болғандарын алға тартты. Қазіргі уақытта, бұл мәселе өз шешімін тауыпты.
Тағы бір көтерілген мәселе, жер мәселесі болды. Бұл жолы тұрғындардың атынан олардың заңгер кеңесшісі Махаббат Тұрысбекқызы сауал жолдады. Оның айтуынша, Алатау қаласы құрылмай тұрып 35 тұрғын Іле ауданының аумағынан жеке шаруашылығын жүргізуге әкімдіктен жер алған. Бірақ құжаттарын рәсімдеп үлгермеген. Соған облыстың деңгейде көмек көрсетуді сұрады.
Өз кезегінде Марат Елеусізұлы қала болған соң, шаруашылық жер деген болмайтынын сондықтан құжаттардың негізі мен заңдылығын тексеру қажет екенін айтты. Сондықтан, Алматы облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Абдрахмановқа мәселені қолға алуды тапсырды.
Ал мәдениет үйі мен спорт кешеніне келсек, олардың жобасы дайын және қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқанын айтты. Сараптамадан сәтті өтсе, келесі жылы конкурсқа өтінім береміз деп халықты жақсы жаңалықпен қуантты.
Сонымен қатар, Жаңаарна ауылының тұрғыны тас жолдың бойында адам жүрер жолдың жоқтығын, сол себепті көпір немесе жерасты жолын салып беруді сұрады. Бұл сұраққа қала әкімі Аркен Хамитұлы жобаның дайын және жақын арада көпір салынады деп жауап берді.
Жиында баспана мәселесіне қатысты жеке сауалдарын да көтерген әлеуметтік осал топтар санатына жататын тұрғындар да болды. Оларға облыс әкімі үйдің тек кезекпен берілетінін жеткізді.
Кездесу соңында Марат Сұлтанғазиев бүгінгі күнге дейін қала мен облыстың күшімен біраз жұмыстардың атқарылғанын және алдағы уақытта арнайы заң қабылданған соң барлық сұрақтар республикалық деңгейде шешілетініне сенімді екенін айтты. Бұл жылдар бойы жиналған мәселелердің жылдам қаралуына ықпал етеді деген үмітте екенін де жасырмады.
«Құрметті Алатау қаласының тұрғындары біраз сұрақты талқыладық, біраз жұмыстар жасалды. Қаланың бюджеті үш есе артты. Қазіргі уақытта, атқарылып жатқан жұмыстарға өзіміздің күшімізбен жеттік. Енді заң шыққан соң қаржыландыру тез шешілетін болады. Бұл үшін арнайы қор да құрылады, инвесторлар саны артады. Сол кезде коммерциялық жобалардан бөлек, әлеуметтік жобаларды да енгізуге тырысамыз. Алдағы уақытта, өндіріс ошақтары салынса, жұмысшы мамандықтарға сұраныс артады. Сондықтан жастарды жұмысқа баулиық. Әрине мәселелер де бар оның барлығы бірте-бірте кезең-кезеңімен шешілетін болады. Бүгінгі кездесуден біраз мағлұмат алдық енді сол бағытта жұмыс істейтін боламыз», - деді облыс әкімі.
Әкім тұрғындардың әрбір сұрағы назардан тыс қалмайтынын айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, кездесу ашық форматта өтті және бастан-аяқ тікелей эфирде жүріп отырды. Яғни қаланың кез келген тұрғыны келіп қатысып, өзінің сұрағын облыс әкіміне қоюға құқылы болды. Ал кездесуге келе алмағанда сауалдарын тікелей эфир арқылы жолдады. Кей тұрғындар күйбең тіршілікпен облыс әкімінің қабылдауына жете алмай жүргендерін айтып, өңір басшысының өзі келгеніне ризашылықтарын да білдірді.