Алматы облысы жылыту маусымына дайын

Алматы облысы жылыту маусымына дайын

Алматы облысы жылыту маусымына толық дайын. Өңірдің бірнеше ауданында жылу беру жұмыстары басталды. Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында 2,7 шақырым жылу желісі жаңартылды, оның 2,0 шақырымына күрделі жөндеу, 0,7 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұл шаралар желілердің тозу деңгейін 42%-дан 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта 18 орталықтандырылған және 81 блок-модульді қазандықта дайындық жұмыстары аяқталуға жақын, олардың жалпы дайындығы 71%-ды құрайды. Барлығы 30 қазан жөнделді, оның 5-і күрделі, 25-і ағымдағы жөндеуден өтті.

Сонымен қатар электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 148 қосалқы станцияда жұмыстар толық аяқталды, 1 626 шақырым электр беру желісі жаңартылуда. Оның ішінде 391 шақырымы бюджет қаражаты есебінен (орындау – 92%), ал 1 235 шақырымы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ инвестициялары есебінен (орындау – 100%) жөнделуде. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 72%-дан 66%-ға дейін төмендейді.

Халықты отынмен қамтамасыз ету үшін 696 мың тонна көмір қарастырылған. Бүгінгі таңда өңірге 187 мың тонна (2 710 вагон) көмір жеткізілді.

Ауа райы жағдайларын ескере отырып, жылыту маусымы келесі аудандарда басталды:

Кеген ауданында – 24 қыркүйектен бастап;

Жамбыл ауданында – 1 қазаннан бастап;

Талғар, Іле аудандарында және Қонаев қаласында – 6 қазаннан бастап.

Қалған аудандар мен қалаларда жылу беру кезең-кезеңімен 15 қазанға дейін жүзеге асырылады.