Талғар ауданында өткен жиынға жүздеген ата-ана, мұғалімдер, билік пен полиция өкілдері, қоғам белсенділері қатысты. Кездесудің басты себебі – жасөспірімдер қылмысының және қоғамға жат қылықтардың көбеюі болды.
Жиналыстың модераторы, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев ата-аналарға ең өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беруді мақсат еткенін атап өтті. Атап айтқанда, буллинг пен суицидтің алдын алу, зорлық-зомбылық пен қараусыздықты болдырмау мәселелері қозғалды.
Шара театрландырылған «Менің әлемім» қойылымымен басталды. Көріністе өмірден алынған қарапайым оқиғалар арқылы отбасы ішіндегі жағдайдың бала болашағына тікелей әсер ететіні көрсетілді.
Аудан әкімі Танат Айдарбеков сөзінде: «Тұлғаның қалыптасуы отбасынан басталады. Ешбір мектеп те, мемлекет те ата-ананың қамқорлығын алмастыра алмайды. Балаларға дұрыс бағыт беру үшін отбасы, мұғалімдер мен қоғамның бірлескен еңбегі қажет», – деп атап өтті.
Құқық қорғау органдарының өкілдері алаңдатарлық статистиканы ұсынды. Биыл жасөспірімдер 18 қылмыс жасаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сонымен қатар, 600-ден астам бала түнде көшеде немесе ойын-сауық орындарында ұсталған.
Мамандардың пікірінше, қылмыстың көбеюіне ата-аналардың назарсыздығы себеп. Мектеп пен құқық қорғау органдары шара қолданғанымен, отбасының қолдауынсыз нәтиже толық болмайды.
Мұғалімдер, билік өкілдері, ақсақалдар мен ата-аналардың айтқандары бір арнаға тоғысты: дені сау әрі жауапты ұрпақты тәрбиелеу үшін бәріміздің күш біріктіруіміз қажет.
Жиын соңында қатысушылар мұндай кездесулер жүйелі түрде өтуі тиіс деген пікірге келді. Өйткені балалардың болашағы ең алдымен отбасының жауапкершілігіне байланысты.