Алматы облысында робототехниканы дамытқан жаңашыл ұстаз

Алматы облысында робототехниканы дамытқан жаңашыл ұстаз

Алматы облысының мектептерінде заманауи білім беру әдістері сәтті жүзеге асырылуда. Соның жарқын үлгісінің бірі – педагог Даулешьяр Бақытәлінің еңбегі. Ол арнайы жабдықтары жоқ мектепте өз күшімен робототехника кабинетін ашып, оқушыларды ғылымға баулыды.

Ұстаздың бастамасымен «Өнертапқыштар әлемі» клубы құрылды. Клубтың алғашқы ірі жобаларының бірі – ерекше қажеттіліктері бар оқушыға қол протезін жасау болды. Кейіннен бірнеше қол және аяқ протездерінің үлгілері дайындалды.

Білім беру саласындағы белсенді еңбегі үшін Даулешьяр Бақытәлі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен марапатқа ие болды.

Оқушылардың шығармашылық ізденістері нәтижесінде көптеген бірегей жобалар дүниеге келді. Атап айтқанда: «Автоматты қоқыс жинағыш», «Еден жууға арналған робот», «Робо-күнбағыс», «Көрмейтіндерге арналған көзілдірік», «Бөтелке қайта өңдеу құрылғысы», «Жеткізу дроны», «Робо-дәрігер», «Қазақы стильдегі автокөлік макеті» және басқа да жобалар жасалды.

Сонымен қатар, педагог мектептен тыс үйірмелерге арналған арнайы бағдарлама әзірлеп, мұғалімдер мен оқушыларға арналған физика пәні бойынша мобильді қосымша ойлап тапты. Балалармен бірлесіп жасалған жобалар әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, тек өңірде ғана емес, бүкіл ел көлемінде оң пікірге ие болды.

Мұндай бастамалар оқушылардың әлеуетін ашуға, олардың ғылыми ізденістерге құштарлығын арттыруға және өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оқушылардың ата-аналары да педагогтың еңбегін жоғары бағалап, оның білімді қызықты әрі түсінікті түрде жеткізе білетінін атап өтті.