Жамбыл ауданында Ысқақовтар әулеті ерекше орынға ие. Оларды көпшілік нағыз ұстаздар әулеті деп атайды. Себебі бірнеше буын өкілдері өмірін өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беруге арнаған. Кәсібіне адалдығы мен мектеп білімін дамытудағы зор еңбегі үшін халық арасында Ысқақовтарды «ұстаздар әулеті» деп құрметтейді.
Ысқақовтар әулетінің педагогикалық дәстүрі өткен ғасырдың орта шенінде бастау алды. Нұржан Жораханұлы Ысқақовтың атасы Сейдахмет ауылдағы алғашқы мектептің негізін қалаушылардың бірі болса, әкесі Жорахан Ысқақов ұзақ жылдар бойы бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, бүкіл ғұмырын балалар тәрбиесіне арнады.
Бұл дәстүрді лайықты жалғастырған Нұржан Жораханұлы 1959 жылдың 3 ақпанында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №9 интернатты аяқтап, Мәскеу қаласында әскер қатарында борышын өтегеннен кейін, Қазақ дене шынықтыру институтына түсіп, оны 1983 жылы үздік бітірді. Еңбек жолын туған ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беруден бастады.
1985–2002 жылдар аралығында ол мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, осы кезеңде білім ошағы елеулі табыстарға қол жеткізді. Кейіннен қайтадан ұстаздыққа оралып, 2023 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін дене шынықтыру пәнінен дәріс берді.
Нұржан Жораханұлы өмірлік серігі Бибігүл Аспандиярқызымен Қазақ дене шынықтыру институтында танысып, 1983 жылы шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыптылар төрт баланы тәрбиелеп өсірді.
Бүгінде олардың үш баласы ата-анасының жолын жалғап, педагогикалық дәстүрді өрбітіп отыр. Үлкен ұлы Думан Алматы қаласында тарих пәнінен сабақ береді, қызы Айгүл Арайымқызы Назарбаев Зияткерлік мектебінде педагог-психолог болып еңбек етеді. Кенже ұлы Елдар Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдап, Сұраншы батыр ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ортаншы ұлы Дастан энергетика саласында қызмет атқарып жүр, дегенмен отбасының еңбекқорлық пен қоғамға адал қызмет ету дәстүрін жалғастыруда.
Ұзақ жылғы еңбегі үшін Нұржан Жораханұлы мемлекеттік марапаттарға ие болып, әріптестерінің құрметіне, шәкірттерінің алғысына бөленді. Зейнет демалысына шықса да, ауылдың қоғамдық өміріне белсене қатысып, жастарға бағыт-бағдар беріп келеді.
Ысқақовтар әулеті – Жамбыл ауданының мақтанышы. Бұл әулеттің өнегелі тарихы ұстаздық мамандыққа адалдықтың және білім саласындағы ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болып табылады.