Қонаевтық ұстаз – күш пен табандылықтың үлгісі

Қонаевтық ұстаз – күш пен табандылықтың үлгісі

Қонаев қаласында еңбек етіп жүрген мұғалімнің жетістіктері мектеп тәжірибесінің аясынан шығып, көпшілікке үлгі болып отыр. Д.А.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ерзат Қажыбек шәкірт тәрбиелеумен қатар, көпшілікті тәнті еткен ерекше қабілеттерімен танылуда.

14 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз темірді майыстыру, медициналық грелканы ауызбен үрлеп жару, автокөлікті қозғау, әйнек пен шеге үстімен жалаңаяқ жүру, от пен темір жұту сынды қауіпті өнерлерді көрсетіп келеді. Бұл өнері халықаралық деңгейде де мойындалды. 2020 жылы ол «Қазақстан» ұлттық арнасында өткен «Asia Talent Show» бағдарламасына қатысып, өнері Азияның төрт елінде үздік үштікке енді. Өзбекстан телеарнасы оның өнерін «ең үздік нөмір» деп бағалады.

- «Мұндай өнер ұзақ дайындық пен еңбектің нәтижесі. Алдағы уақытта жаңа жетістіктер көрсетіп, рекордтарымды жаңартуды жоспарлап отырмын», – дейді ол.

Ерзат Қажыбек шәкірттеріне табандылық, еңбекқорлық және биік мақсаттарға ұмтылуды насихаттай отырып, салауатты өмір салты мен адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеуде. Ол – Қонаев қаласының ғана емес, тұтас ел жастарының мақтанышы.