Алматы облысында ұстаз еңбегі мен шәкірт жетістігі білім сапасын арттыруда

Алматы облысында ұстаз еңбегі мен шәкірт жетістігі білім сапасын арттыруда

Алматы облысында білім саласын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуеті артып, ұстаздардың кәсіби деңгейі жаңа белеске көтерілуде.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының арнайы жобасы аясында Кеген ауданындағы Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясы мен Еңбекшіқазақ ауданындағы Жүнісбай Қаипов атындағы орта мектептерінде инфрақұрылым жаңғыртылып, оқушыларға қолайлы жағдай жасалды. Бұл – білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Облыста 35 мыңнан астам педагог жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді. Олардың ішінде 219-ы – «педагог-шебер», 6615-і – «педагог-зерттеуші», 7227-і – «педагог-сарапшы», 11 200-і – «педагог-модератор» санатына ие. Бұл ұстаздардың кәсіби деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіш.

Соңғы үш жылда республикалық деңгейде 11 облыс ұстазы «Үздік педагог» атағын иеленді. Мәселен, былтыр Іле ауданынан Қуанған Тәуекел, Еңбекшіқазақ ауданынан Дамира Амарова, Талғар ауданынан Айнұр Джабаева және колледж өндірістік шебері Иманжан Мұқаш үздіктер қатарынан табылып, жалпы құны 3,7 млн теңгелік сертификатқа ие болды. Биыл да 10 педагог республикалық кезеңге жолдама алды.

Алматы облысының ұстаздары түрлі республикалық байқауларда да үздік нәтиже көрсетуде. «Педагогикалық идеялар фестивалінде» Әл-Фараби атындағы лицейдің мұғалімі Әбеу Нұргелді І дәрежелі диплом алса, Еңбекшіқазақ ауданынан Меруерт Тлекеева ІІІ дәрежелі диплом иеленді. Ал Ю.Гагарин атындағы №8 лицейдің ұстазы Бағдат Тұрысбекова да жүлдегер атанды.

«Алтын тұғыр» математикалық сауаттылық олимпиадасына қатысқан бастауыш сынып мұғалімдерінің 90 пайызы жүлделі орын алып, облыс командасы «Үздік команда» атанды. Сонымен бірге Қарасай ауданынан Қосан Сәния Ержанқызы республикалық «Үздік жыл психологі» байқауында ІІ орынға ие болды.

Ұстаз еңбегінің айқын көрінісі – шәкірт табысы. Соңғы үш жылда облыс оқушылары халықаралық деңгейде білім сайыстарында топ жарып жүр. 2022–2023 оқу жылында 11 оқушы, 2023–2024 оқу жылында 22 оқушы, ал 2024–2025 оқу жылында 28 оқушы түрлі халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік жарыстарда жеңімпаз атанды.

Бұл – ұстаздар еңбегінің жемісі әрі облыс білім беру жүйесінің биік белеске көтерілгенінің айғағы. Жас ұрпақтың осындай жетістіктері болашаққа деген сенімді нығайтып, елдің еңсесін көтереді.