Алматы облысында білім инфрақұрылымы қарқынды дамуда

Алматы облысында білім инфрақұрылымы қарқынды дамуда

Алматы облысында білім беру саласын жетілдіру, жаңа мектептер салу және үш ауысымдық оқытуды жою бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында биылдың өзінде өңірде 17 жаңа мектеп бой көтерді. Жыл соңына дейін олардың саны 26-ға жетпек.

Сонымен қатар, Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 2000 орындық жеке меншік мектеп пайдалануға берілді. Жаңа білім ошақтарының ашылуы нәтижесінде облыстағы оқушы орындарының тапшылығы біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұған дейін 52 мектеп үш ауысымда жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 28-ге дейін азайды.

Ағымдағы жылы облыстағы 20 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл оқушыларға қолайлы жағдай жасап, оқу сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам саналады.

Сонымен бірге техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға да айрықша назар аударылып отыр. Бұл мақсатқа 16,1 млрд теңге бөлініп, қаражат оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға және ел экономикасы мен еңбек нарығының сұранысына сай білікті мамандар даярлауға жұмсалуда.

Алматы облысында қолға алынған осы бастамалар білім инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, жас ұрпаққа сапалы білім алуға кең мүмкіндік ашуда. Жаңа мектептер мен заманауи жабдықталған колледждер – өңірдің келешектегі дамуының сенімді кепілі.