Алматы облысының әкімі Мұғалімдер күнімен құттықтады

Алматы облысының әкімі Мұғалімдер күнімен құттықтады

Қазан айының алғашқы жексенбісінде елімізде Мұғалімдер күні аталып өтеді. Осыған орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды.

"Ұстаз – елдің ертеңін тәрбиелейтін, болашаққа жол сілтейтін ұлы тұлға. Әр баланың жүрегіне білім мен тәрбие нұрын себетін Сіздердің еңбектеріңіз – баға жетпес байлық. Бүгінде еліміздің әрбір жетістігінде, ғылым мен техникада, әрбір іскер азаматтың тағдырында ұстаздың ізі жатыр", – деді аймақ басшысы.

Әкім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстаз мәртебесін арттыру жөніндегі бастамаларын атап өтті. Президент: «Егер біз өркениетті ел болғымыз келсе, ең алдымен ұстазға жағдай жасауымыз керек», – деген болатын. Бұл сөздер білім беру саласына жан-жақты қолдау көрсетудің маңызын айқындайды.

Бүгінде Алматы облысында 443 мемлекеттік мектепте 359 мыңнан астам бала білім алуда. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны 7164-ке артқан. Бұл – облыстағы демографиялық өсім мен білім беру жүйесінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Алматы облысы Түркістаннан кейінгі оқушы саны көп өңірлердің қатарында. Мәселен, Түркістан облысында 466 мыңнан астам оқушы болса, Алматы қаласында – 310 мың, Астанада – 252 мың, Жамбыл облысында – 224 мың бала білім алып жатыр.

Алматы облысының әкімі ұстаздар қауымына жас ұрпақ тәрбиесіне қосып жатқан өлшеусіз үлесі үшін алғысын білдірді.

«Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған ең үлкен инвестиция», – деді ол.