Қонаевтың келбеті жаңаруда: тұрғын үй және жол құрылысы

Қонаевтың келбеті жаңаруда: тұрғын үй және жол құрылысы

Қонаев қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Олардың басым бөлігі жеке компаниялардың қаржысына салынуда.

Қала әкімі Асхат Бердіханов кезекті рет нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты. Алғашқы нысан – «Самұрық» тұрғын үй кешені. Жоба 11,6 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Құрылыс 2029 жылға дейін жалғасады, тартылған инвестиция көлемі – 65 млрд теңге. Қазіргі таңда жобаның бірінші кезеңі орындалуда, оның аясында 160 мың шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтереді.

Келесі нысан – 10-шы шағынауданда орналасқан «NNS City» тұрғын үй кешені. Тапсырыс беруші – «Али-Нұр транс» ЖШС. Мұнда 21 көпқабатты үй салу көзделген. Қазіргі уақытта төрт үйдің құрылысы аяқталған, алдағы уақытта аула аумағын абаттандыру жұмыстары басталып, одан соң нысандар қолданысқа берілмек.

«Инженерлік желілерді уақытылы тарту қажет. Тұрғындар арасында сапаға қатысты шағым болмауы тиіс. Әкімдікпен бірлесе, әрбір қадамды келісіп жұмыс жасаңыздар. Үй салу – жақсы іс, алайда оның сапалы болуы одан да маңызды», – деді Асхат Бердіханов.

Бұдан кейін әкім 8–10 шағынаудандардағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан жолдарды қарап шықты. Бұл жерде көше жарығын орнату мәселесі талқыланды. Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиевтің айтуынша, жоба 2026 жылға өтпелі болады. Әкім көше жарығы тұрғындарға барынша ыңғайлы болуы қажеттігін атап өтті. Бүгінде бірқатар жұмыстар аяқталған: тротуар бордюрлары, аялдамалар орнатылып, жолдың кейбір бөлігіне асфальт төселген. Барлық жұмыс қаланың Бас жоспарына сәйкес жүргізілуде.

Айта кетейік, биыл Шеңгелді ауылдық округіндегі елдімекендерде жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Көшпенділер қалашығына» жаңа жол салынуда, ал «Қарлығаш» ықшамауданында күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Жалпы, жыл басынан бері 18 843 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 9,7 млрд теңгені құрады.