TEDx Халықаралық форумы «Белсенді ұзақ өмір сүру

TEDx Халықаралық форумы «Белсенді ұзақ өмір сүру

2025 жылғы 30 қыркүйек – 1 қазан күндері Алматы қаласы мен Алматы облысында «Белсенді ұзақ өмір сүру: тәжірибе және даму келешегі» атты TEDx халықаралық форумы ұйымдастырылды. Іс-шара Қарттар күніне орайластырылып, елімізде 1 қазанда басталған айлық аясындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Форумды Алматы қаласы мен Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары ұйымдастырды.

Форумға Қазақстаннан, Франциядан, Испаниядан, Ресейден, Словакиядан, Болгариядан, Әзербайжаннан, Қырғызстаннан және Өзбекстаннан келген сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік қызметтердің, ғылыми және медициналық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Форумның негізгі мақсаты – халықаралық тәжірибе мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, белсенді ұзақ өмір сүру саясатын тиімді дамыту жолдарын айқындау.

Форумның ерекшелігі – Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысы ардагерлер кеңесімен, аналар кеңесімен және отбасы қолдау орталықтарымен үйлестіріліп, кешенді тәсіл қалыптастыруында. Мұндай формат Қазақстанда алғаш рет жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен жүзеге асырылды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қатысушыларының ғылыми, шығармашылық және қолданбалы еңбектерінің көрмесі өтті. Бағдарлама аясында Алматы қаласы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Б.Ж. Жаубасовтың модераторлығымен пленарлық отырыс өтті. Оған қалалық мәслихат хатшысы М.Б. Отыншиев, депутаттар, «Аманат» партиясының әйелдер қанатының өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар онлайн және офлайн форматта қатысты.

Қолөнер бұйымдары көрмесі, «Күміс университет» және «Агрокраудсорсинг» жобаларының тұсаукесері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, салауатты өмір салты, әлеуметтік тәжірибелер мен ұрпақаралық ынтымақтастық тақырыптарында пікірталас алаңдары мен нетворкинг-сессиялар өткізілді.

Форум қатысушылары Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне және «Алтын адам» музейіне барып, сондай-ақ Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына арнайы экскурсия жасады. Мұнда қолданбалы өнер көрмелері, шеберлік сабақтары және флешмобтар ұйымдастырылды.

Форумның екінші күні Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.М. Ахметованың модераторлығымен пленарлық отырыс жалғасты. Жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің директоры А.А. Аймағамбетов, гериатр-профессор А. Ешманова, Ұлттық кооперативтер қауымдастығының президенті К. Шайха, сондай-ақ халықаралық және отандық сарапшылар, соның ішінде онлайн режимде Г. Колосова баяндама жасады. Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген мамандар Алматы қаласы мен облысының Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысын жоғары бағалап, тәжірибесін өз елдерінде енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Форумның қорытындысында белсенді ұзақ өмір сүру саясатын дамытуға қатысты негізгі ұсынымдар қамтылған резолюция қабылданды. Сондай-ақ алғыс хаттар табысталып, естелік фотосессия ұйымдастырылды.

TEDx «Белсенді ұзақ өмір сүру» халықаралық форумы қариялардың өмір сапасын жақсартуға және белсенді ұзақ өмір сүру мәдениетін дамытуға бағытталған тәжірибе алмасудың маңызды алаңы болды.