Минскіде өтіп жатқан «ИННОПРОМ.Беларусь» халықаралық өнеркәсіп көрмесінде қазақстандық компаниялар өндірісті цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы жетістіктерін таныстырды.
Ұлттық павильон алаңында өндірістік үдерістердің қауіпсіздігін арттыруға және автоматтандыруға арналған шешімдер көрсетілді. Экспонаттар қатарында – роботтандырылған жүйелер мен «ақылды» құрылғылар бар. Бұл жобалар Мемлекет басшысының барлық салаларға жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылуда.
Оның нақты үлгісі – ауылшаруашылық техникасы мен қосалқы бөлшектер шығаратын «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы». Компания сандық бағдарламамен басқарылатын станоктарға көшті: инженерлер 3D-модель жасайды, ал «ақылды» жабдық металлдан дәлдікпен бөлшек дайындайды. Мұндай тәсіл бұрын шетелден сатып алынған күрделі компоненттерді отандық өндірісте шығаруға мүмкіндік беріп, локализация деңгейін 86%-ға жеткізді.
Жаңа техника жаһандық сервистік желілерге қосылған, бұл қашықтан диагностика мен баптауды қамтамасыз етеді.
«Біз өндірісте роботтандырылған кешендерді енгізіп, жасанды интеллектіні күнделікті жұмысқа қолданып келеміз. Бұл сапаны, жылдамдықты және тиімділікті арттырады. Президент еңбек өнімділігін екі есеге арттыру міндетін қойды, мұны техникалық қуатты жаңартусыз орындау мүмкін емес. Мемлекет машина-трактор паркін жаңартуға қомақты қаражат бөліп отыр. Ал біздің міндетіміз – нарықтағы сұранысты толық қанағаттандыру», – деді корпорация директоры Олег Балыбин.
Көрмеде сондай-ақ Орталық Азиядағы жалғыз толық жиынтық рельс бекітпелерін шығаратын роботтандырылған өндіріс ұсынылды. Бұл жобаны «Бент» өнеркәсіптік компаниялар тобы іске асырған. Жаңа өндіріс Қазақстанның теміржол саласын стратегиялық маңызы бар бөлшектермен толық қамтамасыз етіп, бұрынғы импорттық тәуелділікті жойды. Қосалқы бөлшектер Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейде қолданысқа енген, ал қазір Түрікменстан мен Иранмен келіссөздер жүріп жатыр.
«Біз рельс бекітпесінің барлық бес элементін өндіреміз. Бұл үшін роботтандырылған желіні іске қостық. Өндіріс ашылған соң үш айдың ішінде толық қуатқа шықтық», – деді компания директоры Дінмұхаммед Құзиев.
Энергия үнемдеу бағытында қазақстандық «Electrologic» контроллері ерекше назар аудартты. Ол металлургия және энергетика саласындағы әлемдік алты үздік «жасыл» жобаның қатарына енді. NU базасында әзірленген бұл шешім 600 өтінімнің ішінен таңдалып, 5,8 млн еуро көлемінде грант алуға үмітті.
Бастапқыда технология электрдоғалы пештерді басқаруға қолданылды. Сербия мен Қытайдағы зауыттарда оны енгізу балқыту уақытын екі есеге дейін қысқартып, энергия мен материал шығынын азайтты әрі өнімділікті арттырды. Кейін жүйе электр желілеріндегі шығындарды азайтуға бейімделді. Енді контроллер өнеркәсіп пен коммуналдық секторда да қолданылып, «жасыл» экономикаға көшу құралына айналды.
«Біздің регуляторлар металлургияда балқыту уақытын қысқартады: Сербияда – 45 минуттан 26 минутқа, Қытайда – 120 минуттан 65 минутқа дейін. Бұл электр қуаты мен шығынды азайтып, өнімнің өзіндік құнын төмендетеді», – деді жобаның жетекшісі Жанат Жүсіпов.
Көрмеде білім беру саласындағы қазақстандық жоба да көрсетілді. Artisan Education компаниясы робототехника мен бағдарламалауды оқытуға арналған бірыңғай білім беру платформасын әзірледі. NU базасында жасалған бұл шешім ауыл мектептеріндегі білікті маман тапшылығы мен материалдық-техникалық қиындықтарды азайтуға бағытталған. LMS-платформа кез келген оқушыға бірдей деңгейде білім алуға мүмкіндік береді: мұғалім кеңесші рөлін атқарады, ал оқушылар интерактивті курстарды меңгеріп, ІІ көмекшінің қолдауымен кодтағы қателерін түзете алады.
«Біздің басты мақсатымыз – оқушылар тек теория мен практиканы үйреніп қана қоймай, өз жобасын жасап, оны қорғауға дейін жеткізу. Платформа мектептермен қатар колледждерде де қолданылады. Болашақта университеттерге енгізіп, жас инженерлерді үздіксіз сүйемелдеуді жоспарлап отырмыз», – деді жоба жетекшісі Абай Қакимбек.
Сонымен қатар, көрмеде қазақстандық стартап теміржол вагондарын жасанды интеллект арқылы басқаруға арналған цифрлық платформасын таныстырды. Бұл шешім логистиканың тиімділігін арттырып, шығындарды азайтады. Платформа оператор компаниялардың барлық бизнес-үдерістерін біріктіріп, есепті автоматтандырады және деректерді талдайды. Қазір жүйе Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейде қолданыста, 100 мыңнан астам вагон осы бағдарламамен басқарылады.
«Біз клиенттерге бос жүрісті 10%-ға қысқартуға көмектестік. Бұл айтарлықтай көрсеткіш. Жасанды интеллект деректерді талдап, вагондарды өтінімдерге өзі бөледі. Соның арқасында әр вагоннан айына қосымша 20 доллар табыс алуға мүмкіндік бар», – деді компания өкілі Ануар Сарсимбинов.
Осылайша, «ИННОПРОМ.Беларусь» көрмесінде ұсынылған қазақстандық жобалар елдің цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, «жасыл» технологияларды дамыту және жаңа буын инженерлерін даярлау бағытында нақты қадам жасап отырғанын көрсетті.