Алматы облысында жүгері жинау науқаны басталды

Алматы облысында жүгері жинау науқаны басталды

Алматы облысында жүгері жинау жұмыстары басталды. Ұйғыр ауданында аграршылар науқанның белсенді кезеңіне кірісті. Биыл бұл дақылдың егіс алқабы екі мың гектарға жуық ұлғайып, өндіріс көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бермек.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жоспарына сәйкес, ағымдағы маусымда 45 мың тоннаға дейін жүгері жиналады деп күтілуде. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы аудан шаруашылықтары шамамен 30 мың тонна өнім алған болатын. Жалпы көлемнің 20 мың тоннасы шаруашылықтардың өз қажеттіліктеріне қалдырылып, қалғаны Жаркент крахмал зауыты мен «Азия Агрофуд» компаниясына өңдеуге жіберіледі.

Ұйғыр ауданы облыстағы жүгері өсіру және өңдеудің негізгі орталықтарының бірі саналады. Биыл мұнда 25 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері игерілсе, оның 6 мың гектардан астамына жүгері егілген.

Аграршылар заманауи технологияларды белсенді енгізіп отыр. Атап айтқанда, 3,5 мың гектарда су үнемдеу әдістері қолданылып, бұл өндіріс тиімділігін арттырып, су ресурстарына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп, тыңайтқыш, дизель отыны және өнімді өңдеуге арналған субсидиялар бөлінуде.

Мал шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Кейбір шаруашылықтар жүгеріні сүрлемге жинауды қолға алды. Мұндай жем шығындарды азайтып, шаруашылықтардың табыстылығын арттыруға ықпал етеді. Биылғы маусымда бір ғана қожалық шамамен 300 тоннаға дейін сүрлемдік жем дайындауды жоспарлап отыр.

Жалпы, Алматы облысында биыл 50 мың гектардан астам жерге жүгері егілді. Өткен маусымда шаруашылықтар шамамен 270 мың тонна өнім жинаса, биыл аграршылар бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуді көздеуде.