Инвестициядан – жұмыс орындарына

Инвестициядан – жұмыс орындарына

Алматы облысы ағымдағы жылдың сегіз айын экономиканың негізгі бағыттарының басым бөлігінде тұрақты оң серпінмен аяқтады.

Негізгі жетекші рөл өнеркәсіпке тиесілі: өнім көлемі 1,6 трлн теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 8,2%-ға өсті. Бұл өңірдің ірі индустриалды орталық ретіндегі мәртебесін растап, дамудың жүйелі сипатқа ие екенін көрсетеді. Кәсіпорындар өндірісті тұрақты ұлғайтып, жаңа қуаттарды іске қосуда, индустриалды аймақтар қарқынды игерілуде.

Ауыл шаруашылығы да өсім көрсетуде. Жалпы өнім көлемі 385,4 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 102%-ға жетті. Өсу қарқыны бірқалыпты болғанымен, аграрлық сектор өңір үшін маңызды сала болып қалып, ауылдық аумақтардың тұрақтылығын қамтамасыз етуде.

Құрылыста айтарлықтай серпіліс байқалды. Орындаған жұмыстардың көлемі 219 млрд теңгеден асып, өсім 22,3%-ды құрады. 820 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Бұл тұрғын үй қорын жаңартуға қосылған қомақты үлес әрі демографиялық өсім мен урбанизацияға дер кезінде берілген жауап.

Инвестициялар саласында да айтарлықтай нәтижелер бар. Қаңтар–тамыз айларында 620 млрд теңгеге жуық негізгі капиталға инвестиция тартылып, өсім 17%-ды көрсетті. Бұл инвесторлардың сенімін және өңірдің, соның ішінде нақты сектордың дамуына деген қызығушылығын айқындайды.

Сауда да жоғары өсімге қол жеткізді — нақты көлем индексі 120%. Бұған логистикалық инфрақұрылымның кеңеюі және әсіресе Ресей мен Қытаймен сыртқы экономикалық байланыстардың жандана түсуі ықпал етті. Көлік қызметтері көлемі 9%-ға өсіп, 328 млрд теңгеге жетті, ал байланыс қызметтері 11,8%-ға артты. Бұл цифрлық технологияларға деген сұраныстың арта түскенін көрсетеді.

Сонымен қатар инфляцияға бақылау сақталуда. Тұтыну бағаларының индексі 108,4%-ды құрап, орташа республикалық деңгейден (108,8%) сәл төмен болды. Ең жоғары өсім ақылы қызметтерде байқалды (+11%), алайда азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының бірқалыпты көтерілуі жалпы жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік берді.

Қаржылық тәртіп жоғары деңгейде қалуда. Мемлекеттік бюджет кірістері 743,4 млрд теңге жоспарында 99,1%-ға орындалып, 736,6 млрд теңгені құрады. Жергілікті бюджет кірістері жоспардан асыра орындалды (103%), шығыстар 587 млрд теңгеге жетіп, 94%-дан астамы игерілді.

Ерекше назарға еңбек нарығы лайық. Сегіз айда 44,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды, оның 32 мыңнан астамы — тұрақты. Экономикалық өсім өңір тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер етіп, тұрақты табыс пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде.

Сегіз айдың қорытындылары көрсеткендей: Алматы облысы теңгерімді әрі қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіп пен құрылыс өсімнің негізін қаласа, ауыл шаруашылығы тұрақтылықты қамтамасыз етуде, сауда мен қызмет көрсету саласы жедел қарқын алуда, ал инвестициялар өңірдің бизнес үшін тартымдылығын растап отыр. Ең бастысы — жаңа экономикалық жетістіктер жұмыс орындарына және халықтың лайықты өмір сүру деңгейіне айналуда.