Қонаевта жасанды интеллект технологияларына арналған ауқымды AI WEEK апталығы өтеді

Қонаевта жасанды интеллект технологияларына арналған ауқымды AI WEEK апталығы өтеді

Қонаев қаласында, Alatau Hub-та 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында жасанды интеллект технологияларына арналған AI WEEK апталығы ұйымдастырылады. Іс-шара өңірдегі IT-мамандарды, кәсіпкерлерді, студенттерді және жаңа технологияларға қызығатын қауымды бір арнаға тоғыстырып, практикалық білім мен тәжірибе алмасуға жағдай жасайды.

Апталықтың басты мақсаты - жасанды интеллект құралдарын жергілікті бизнеске, білім беру және креативті индустрияларға барынша жақындату, олардың цифрлық трансформациясын жеделдету, аймақтық технологиялық экожүйені нығайту.  

AI Week бағдарламасы әр түрлі форматтағы, практикалық құндылығы жоғары іс-шаралардан тұрады:

AI Workshop - жасанды интеллект фаундерлердің күнделікті жұмысын қалай жеңілдететінін көрсететін, нақты кейстерге негізделген тәжірибелік кездесу;

AI Bootcamp - генеративті жасанды интеллектінің қыр-сырын ашатын үш күндік қарқынды оқу форматы. Қатысушылар ЖИ негіздерін меңгеріп, нейрондық желілерді өз жұмыстарында (мәтін жазу, сурет жасау, процестерді автоматтандыру) тиімді қолдануды үйренеді;

AI Pizza Pitch - еркін форматтағы стартап идеялардың таныстырылымы, пайдалы пікірлер мен жаңа байланыстарға жол ашатын кездесу;

AI Speaker Talk - жетекші сарапшылардың қатысуымен өтетін ашық әңгіме алаңы. Мұнда қатысушылар жасанды интеллекттің бүгінгі трендтерімен танысып, нақты кейстерді талқылап, тікелей сұрақ қоя алады.

AI Week- бұл өңірлік технологиялық экожүйені дамытуға бағытталған маңызды стратегиялық қадам.Іс-шара жасанды интеллектке қызығатын жастар мен кәсіпкерлер үшін бірегей мүмкіндік береді. Олар тек терең білім алып қана қоймай, саланың үздік мамандарымен тікелей байланыс орнатып, инновациялық қауымдастықтың белсенді бөлігі болуға мүмкіндік алады.