Алматы облысында Еңбек күнін атап өту дәстүрге айналды. Бұл күн тек өңірдің емес, тұтас елдің дамуына үлес қосқан еңбек адамдарын ұлықтау мерекесі.
Биыл аймақтағы белсенді бағдарлама 19 қыркүйекте Талғар аудандық Мәдениет үйінде басталды. Мұнда «Еңбек жолы», «Парыз» конкурстарының жеңімпаздары және облыстың барлық аудандарынан келген жұмысшы мамандық иелері марапатталды. Көптеген азаматтарға облыс әкімі атынан дипломдар, алғыс хаттар және ақшалай сертификаттар табысталды.
Кейін еңбек ардагерлеріне, жұмысшы мамандық иелеріне, әлеуметтік сала қызметкерлеріне және басқа да мамандарға арналған концерттік бағдарлама өтті. Ал Мәдениет үйінің алдындағы алаңда «Керуен» жобасы мен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі басталды.
Айта кету керек, «Керуен» – жұмысшы мамандықтарын насихаттауға, еңбек беделін арттыруға, халықты мемлекеттік қолдау шаралары, кәсіптік оқыту, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктері туралы ақпараттандыруға бағытталған жоба. Бағдарлама облыстың барлық аудан-қалаларында өткізіліп, жастармен, ауыл тұрғындарымен, колледж студенттерімен және жұмыссыз азаматтармен кездесулер түрінде ұйымдастырылады. «Керуеннің» жұмысына аудан әкімдіктері, жұмыспен қамту, білім беру, кәсіпкерлік, жастар саясаты, мәдениет басқармаларының өкілдері, мансап орталықтары, колледждер, кәсіпкерлер секторы және кәсіби бағдар беру мамандары қатысады.
Негізгі назар жастарды техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тартуға, сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын таныстыруға, білім беру бағдарламаларын, «Бастау Бизнес», «Enbek Skills» жобаларын, микрокредиттерді, әлеуметтік гранттарды және басқа да бастамаларды түсіндіруге аударылады.
Алайда мереке мұнымен аяқталған жоқ. Еңбек күнін апталық форматта атап өту Есік қаласында жалғасты. Мұнда белсенді ұзақ өмір сүру орталығында TED форматындағы облыстық конференция басталды. Оған еңбек ардагерлері, әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар Талғар ауданында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мансап орталығында ашық есік күні өтті. Облыс орталығы – Қонаев қаласы да тыс қалмады. Мұнда да мансап орталығында ашық есік күні ұйымдастырылып, жұмыс берушілермен кездесу өтті. Акцияға Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандары қосылды. Бұл аудандарда бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өтті, ал кейін мансап орталығында әлеуметтік салаға қосқан үлесі үшін қызметкерлер марапатталды.
Сонымен қатар жастарға кәсіби бағдар беруге бағытталған «Менің мамандығым – менің болашағым» флешмобы өтті. Бұдан бөлек, студенттер қолөнер, тағам өндірісі, электротехника, дәнекерлеу ісі, ІТ-технологиялар және тігін өндірісі бойынша көрмелер мен шеберлік сыныптарын өткізді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы облысында жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту және оларды жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, 33 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және 37 ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл іс-шараларға 508 жұмыс беруші, 3008 жұмыс іздеуші, сондай-ақ 761 оқушы мен 727 студент қатысты.
«Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстары Алматы облысында өтті
Соңғы жылдары аймақта тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан конкурстар жаңа есімдерді ашып, аудан ғана емес, бүкіл облыс үшін мақтаныш символына айналды. Олар адал еңбек пен өзара көмек, мамандықтарды насихаттау Алматы облысының дамуына зор үлес қосатынын дәлелдеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай конкурстардың басты мақсаты – еңбектің қоғамдық маңызын арттыру және түрлі сала қызметкерлерін дәріптеу. Сондай-ақ адал еңбек, еңбек әулеттері мен жас мамандардың құндылықтарын насихаттау ерекше маңызды. Ал өңірлік кезең жеңімпаздарын марапаттау – жергілікті тұрғындар үшін үлкен демеу.
Акция аясында өңірдің үздік мамандары атап өтіліп, марапатталды. Құрметті қонақтар – еңбек ардагерлері мен кәсіподақ өкілдері олардың еңбегін ғана емес, облыстың, ауданның және ауылдардың дамуына қосқан үлесін де атап өтті. Шарада облыстық мәслихат төрағасы ерекше сөз сөйледі.
– Бүгін біз осы маңызды мерекені атап өту үшін жиналдық. Еңбек күні – барлық буын мен мамандықтарды біріктіретін мереке. Бұл – қарапайым адамның адал еңбегіне, шыдамдылығы мен табандылығына құрмет көрсету күні. Қадірлі еңбек адамдары, сіздер біздің отбасыларымыздың, аудандарымыздың және тұтас Алматы облысының игілігінің негізін қалайсыздар. Біз үшін үлкен мақтаныш – «Еңбек жолы» мен «Парыз» конкурстарының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын, сондай-ақ аудандардан келген жұмысшы мамандық иелерін марапаттау. Бұл азаматтар өз еңбексүйгіштігімен, жауапкершілігімен және ісіне адалдығымен үлгі көрсетіп, өңіріміздің дамуына зор үлес қосуда, – деді ол.
Сонымен қатар аудандарда да Еңбек күніне арналған іс-шаралар өтті. Қатысушылар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, жұмысшы мамандықтарына маманданған оқу орындарының таныстырылымы, мемлекеттік гранттар мен микрокредит иелерінің өнімдері қойылған көрмелер ұйымдастырылды.
Алматы облысында бірқатар еңбек адамдары марапатталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл бастама еңбек адамының мәртебесін көтеруге және қарапайым еңбекті дәріптеуге бағытталған маңызды шешім болды.
Осыған орай, 2025 жылғы 19 қыркүйекте Алматы облысында Еңбек күніне арналған салтанатты шара өтті. Талғар ауданында «Еңбек жолы», «Парыз – 2025» конкурстарының жеңімпаздары және облыстың үздік жұмысшы мамандары марапатталды. Оларға облыс әкімі атынан алғыс хаттар, дипломдар және ақшалай сертификаттар табысталды.
«Еңбек жолы» конкурсы үш номинация бойынша өтті: «Үздік еңбек әулеті», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы». Бұған қоса, «Парыз – 2025» облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Еңбек ардагерлері мен өндіріс озаттарының еңбегі ерекше атап өтіліп, 11 адамға құрметті марапат берілді.
Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев салтанатты рәсімде сөз сөйлеп, еңбеккерлерге жылы лебізін білдірді.
– Бүгін марапатқа ие болғандар – өз еңбегімен өңірдің дамуына үлкен үлес қосқан жандар. Сіздердің еңбектеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі, ал жетістіктеріңіз – қоғамның өркендеуіне жол ашатын құндылық, – деді ол.
Шарада үздік еңбек әулеттері – Абдрахмановтар, Сайбировтар, Бакеновтар марапатталды. Жастарға тәлімгерлік еткендер қатарынан Райымбек ауданынан Жанат Керімбаев, Кеген ауданынан Ернат Инсебаев және Қарасай ауданынан Айман Байсеитова үздік деп танылды. «Өндірістің үздік жас маманы» атағына Іле ауданынан Дильфуза Бақытжанова, Кеген ауданынан Ермахан Бекмұрат және Алатау қаласынан Дархан Жақаев ие болды. «Парыз – 2025» байқауында Ұйғыр ауданынан Юлдаш Семятов, Еңбекшіқазақ ауданынан Уларым Тұрсын және Қонаев қаласынан Ләззат Салықова жеңімпаз атанды.
Сонымен бірге кабельшілер, бас инженерлер, ораушылар, желі операторлары, инженерлер, тракторшылар, электромонтерлер, су арнасы шеберлері, жүргізушілер, етікшілер және басқа да жұмысшылар түрлі марапаттарға ие болды.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста жастарды жұмысшы мамандықтарына тартуға және оларды жұмыспен қамтуға бағытталған бірқатар шаралар өткізілді. Атап айтқанда, 33 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және 37 ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл іс-шараларға 508 жұмыс беруші, 3008 жұмыс іздеуші (оның ішінде 1333 жас маман), 761 оқушы және 727 студент қатысты.
Адал еңбек – ұрпаққа өнеге
Мерекеде үздік еңбек әулеттері марапатталды. Солардың бірі – Іле ауданындағы «Алель Агро» АҚ-да еңбек ететін Абдрахмановтар отбасы.
– Еңбек – біздің отбасымыздың басты құндылығы. Әкелеріміз бен аталарымыз еңбекқорлықты өмірлік қағида етіп, бізге үлгі көрсетті. Біз сол жолды жалғастырып келеміз. Мұндай марапатты тек өз отбасымыздың емес, барша еңбек адамдарының құрметі деп білемін, – деді Абдрахмановтар әулетінің үлкені.
Бұл сөздер еңбек әулеттерінің ұрпақ сабақтастығын сақтап, адал еңбекті дәріптеп келе жатқанын дәлелдейді.
Қоғам үшін ортақ құндылық
Мереке аясында «Керуен» жобасы, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, студенттік флешмоб және кәсіби шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Мемлекеттік грант иелері өздерінің бизнес-жобаларын ұсынып, еңбек нарығының дамуына жаңа серпін берді. Барлығы 400-ден астам адам қатысқан шарада 500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды.
Бұл бастамалар еңбек адамдарын қоғамдағы мәртебесін арттырып қана қоймай, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашты, кәсіби бағдар берді және еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты үйлестіруге нақты үлес қосты.
Еңбек күні – ең алдымен еңбек адамының мерекесі. Бұл күн әрбір тынбай еңбек еткен жанның қоғам дамуына қосқан үлесін бағалайды. Өз еңбегімен елге үлгі болып жүрген азаматтар – мемлекеттің нағыз тірегі.