Қаскелең қаласында халықаралық мәдени-білім беру ынтымақтастығы саласында маңызды оқиға өтті – Орталық Азиядағы әлемге әйгілі америкалық кино мектебінің алғашқы филиалы – New York Film Academy Kazakhstan салтанатты түрде ашылды. Жаңа кампус Energo University мен Dala Edge креативті паркі базасында құрылды.
Іс-шараға New York Film Academy президенті және бас атқарушы директоры Майкл Янг, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, АҚШ-тың ресми өкілдері, сондай-ақ кино және медиа индустриясының қайраткерлері қатысты.
Ашылу рәсімінің атмосферасы кинематографиялық стильде ұйымдастырылды: қонақтарды ерекше «дубль түсіру» қойылымы қарсы алды. Салтанат барысында студенттер өнер көрсетіп, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркин жаңа оқу орнының мәдени және шығармашылық мәнін атап өтті. Қонақтарға кампустың инфрақұрылымы – кітапхана, дәріс залдары, дыбыс жазу және монтаждау студиялары, сондай-ақ Dala Edge креативті паркі көрсетілді.
Студенттер мен қатысушылар үшін халықаралық мамандардың шеберлік сабақтары өткізілді: NYFA режиссері әрі оқытушысы Роб Пьетри, актер және импровизация шебері Марк Мочаби, AR және ойын технологиялары саласының маманы Кевин Кейтон, продюсер әрі режиссер Майкл Хсюэ, клипмейкер және кинорежиссер Ладо Кватания, қазақстандық кинопродюсер Қуаныш Бейсек, Голливуд сценарисі Гүлжан Токтогұл, режиссер және Unreal Engine маманы Болат Ақназаров, визуалды эффектілер бойынша сарапшы Денис Вежновец, сценаристер Санат Шапашов пен Сергей Литовченко, сондай-ақ NYFA актері әрі оқытушысы Тодд Бруно дәріс оқыды.
Күн соңында «CIS MEDIA MARKET TOMORROW: CHALLENGES, FOCUS, COMMUNITY» атты панельдік талқылау өтіп, онда аймақтық медианарықтың даму болашағы сөз болды.
NYFA президенті Майкл Янг өз сөзінде былай деді:
«Біз New York Film Academy-дің Қазақстанда ашылғанына мақтан етеміз. Бұл жай ғана білім беру жобасы емес, аймақ таланттарын біріктіріп, оларды әлемдік кино индустриясына алып шығатын алаң».
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде атап өтті: «Жаңа білім ордасы – Мемлекет басшысының елімізде жетекші әлемдік университеттердің филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отырған жоба. Бұл – білім беру мен креативті индустрияның дамуына қуатты серпін беретін, шығармашыл жастарға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам. Алматы облысы табиғат сұлулығымен ғана емес, бай мәдени мұрасымен де ерекшеленеді.
Бұл – жастарға шабыт пен идея беретін сарқылмас қайнар көз. Академияның ашылуы өңірді мәдени әрі технологиялық орталыққа айналдырып, Қазақстаннан ғана емес, шетелден де дарынды студенттерді тартуға ықпал етеді. Бүгінде облыста 2 миллионнан астам тұрғын бар, олардың 30 пайыздан астамын жастар құрайды. Бұл – жаңа білім беру жобалары мен шығармашылық алаңдарға жоғары сұраныс бар екенін көрсетеді.
New York Film Academy Kazakhstan кино, медиа және креативті индустрия саласында білікті мамандарды даярлайтын ірі білім ордасына айналып, аймақ пен елдің өркендеуіне зор ықпал етеді деп сенемін.