24 қыркүйекте Алматы облысында Ұлттық ғылым академиясы ғалымдары аграрлық университеттермен бірлесіп әзірлеген тұқымдардың қадағалауына арналған цифрлық жүйе таныстырылып, пилоттық режимде іске қосылды.
ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев тұқым сапасының өнімділікке тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті:
«Қазақстанда әлі де болса ауыл шаруашылығы өнімділігі төмен деңгейде қалып отыр. Соңғы 10 жылдағы талдау нәтижесі көрсеткендей, табиғи-климаттық жағдайы бізге ұқсас Канадада астық дақылдарының орташа өнімділігі 28 пайызға өсіп, гектарына 38 центнерге жеткен. Ал Қазақстанда өсім небәрі 6 пайызды құрап, гектарына 12 центнер деңгейінде қалды. Мұндай жағдайдың басты себептерінің бірі — сапасыз тұқымдарды пайдалану. Сондықтан цифрлық бақылау жүйесін енгізу салада тәртіп орнатып, оны жаңа деңгейге көтереді», — деді ол.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңір жоғары нәтижелер көрсетіп отырғанымен, сапалы тұқымға деген сұраныс толық қамтамасыз етілмегенін айтты:
«Биыл облыста күріштің өнімділігі гектарына 52 центнерге жетті. Бұл орташа көрсеткіштен 2,5 есе жоғары. Дегенмен шаруаларға 62 мың тонна тұқым қажет, ал жергілікті өндіріс небәрі 2 мың тонна көлемінде ғана қамтамасыз етіп отыр. Сол себепті отандық селекцияны дамыту мен цифрлық бақылауды енгізу біз үшін стратегиялық басымдық болып қала береді», — деп атап өтті ол.
Семинарға қатысушылардың айтуынша, жаңа жүйе барлық үдерістердің — сортты әзірлеуден бастап шаруашылықта пайдалануға дейінгі кезеңнің ашықтығын қамтамасыз етеді. Ол жалған есеп беруді болдырмай, заңсыз субсидия алуға жол бермей, сорт авторларына әділ роялти төлемдерін кепілдейді.
Семинар жұмысына Академия президенті, Алматы облысының әкімі, ғалымдар, Ауыл шаруашылығы министрлігі, ФАО, агробизнес пен шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.