Алматы облысындағы тұрмыстық қалдықтар полигонында болған өртті сөндіру жұмыстары үшін өңір әкімдігі кешенді шараларды қолға алды.
17 қыркүйек сағат 15:00-дегі жағдай бойынша, өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаменті, әкімдік пен полиция қызметкерлері үшінші тәулік қатарынан жұмылдырылуда. Бұған дейін оқиға орнында арнайы штаб құрылған болатын.
Қазіргі уақытта тілсіз жауды ауыздықтауға 275 адам мен 124 техника тартылған. Жұмыс тәулік бойы, екі ауысыммен жүргізілуде. Қатысушыларға төрт мезгіл ыстық тамақ беріледі, демалыс ауысымдарына арналған шатырлар орнатылған. Сондай-ақ, техникалар дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз етіліп, 10 тонна жанар-жағармай қоры жасақталды.
Өңір әкімдігі штабтың сұранысы бойынша қосымша техникалар бөлу үстінде. Сонымен қатар коммуналдық қызметтер, жол-құрылыс және карьерлік ұйымдар жұмылдырылды. Өртті сөндіру үшін үш учаскеден инертті материал алынып, алты негізгі бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сумен қамтамасыз ету де жолға қойылды. Арнайы өртке қарсы техника көмегімен үш су көзінен су тасымалданып, магистральді желілер арқылы өрт сөндіру көліктеріне үздіксіз жеткізіліп отыр.