Alatau City-де K Park мәдени-іскерлік орталығының іргетасы қаланды

Alatau City-де K Park мәдени-іскерлік орталығының іргетасы қаланды

Жаңа Alatau City қаласында K Park мәдени-іскерлік орталығының алғашқы іргетасы қаланды. Жоба Қазақстандағы корейлердің қоныстанғанына 90 жыл толуына орай қолға алынып, достық пен алғыс, мәдени ынтымақтастықтың символына айналмақ.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтті:
«Бүгін біз архитектура мен табиғатты, естелік пен құрметті тоғыстыратын кеңістіктің негізін қаладық. Бұл орталық жаңа мегаполистің дамуының бір бөлігі болып, жайлы қала ортасы мен ашықтықты үйлестірмек. K Park тұрғындар мен қонақтар үшін тартымды орынға айналып, қоғамдағы үйлесім мен өзара құрметті нығайтады», — деді ол.

K Park жеке инвестиция есебінен Golden District аймағында бой көтереді. 10 гектар аумақты қамтитын кешенде демалыс аймақтары, этномәдени кеңістіктер, кітапхана, мұражай, балалар алаңдары, жазғы кинотеатр, қысқы мұз айдыны және спорттық жолдар қарастырылған. Негізгі нысан – Монумент алғыс, ол қазақ халқының тарихи кезеңдерде қоныс аударушыларға көрсеткен қолдауының белгісіне айналмақ.

Сонымен қатар, тарихи реконструкция аймағында дәстүрлі корей үйі – ханок қайта тұрғызылып, «Коре сарам» интерактивті алаңы арқылы қонақтар корей қауымының тарихы мен мәдениетімен таныса алады.

Мамандардың болжамынша, парк жылына 3,5 миллионға дейін келушіні қабылдай алады. Инфрақұрылымында автотұрақ, фудкорттар, электромобильдерге арналған қуаттау бекеттері мен намаз оқитын орындар қарастырылады. Ал архитектуралық шешімдердің дәстүрге сай болуын Оңтүстік Кореядан келген зерттеу тобы қадағалайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов та жобаның мәнін ерекше атап өтті:
«Бүгін біз адамдардың, мәдениеттердің және ұрпақтардың бірлігін бейнелейтін іргетас қаладық. Бұл парк тарихи тамыр мен өзара құрметтің маңызын еске салып тұрады», — деді ол.

K Park-тың ашылуы 2027 жылдың күзіне жоспарланып отыр.