Алматы облысында Кеген орман шаруашылығының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, сала қызметкерлері мен аудан тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтады.
Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экология саласында қойған міндеттері орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды көздейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі.
«Бүгінгі шара – тек ғимараттың ашылуы ғана емес, қоршаған ортаны қорғау жолындағы нақты қадам. Бұл еліміздің орман шаруашылығын жаңа деңгейге шығарады. Кеген орман шаруашылығының тарихы бай. 1946 жылдан бері ұжым ормандарды қорғау, сақтау және көбейту ісінде аянбай еңбек етіп келеді. Жаңа әкімшілік ғимарат – мемлекеттің қолдауының айқын мысалы. Заманауи ғимарат мамандарға кәсіби міндеттерін жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл табиғатты қорғау саласындағы жаңа бастамаларға жол ашады», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Кеген орман шаруашылығы 1946 жылы құрылған. Бүгінде оның қызметкерлері ормандарды қорғау, қалпына келтіру және көбейту жұмыстарымен айналысады. Ұжымда 109 адам еңбек етеді. Жаңа екі қабатты ғимараттың аумағы – 440,1 шаршы метр, жобаның құны – 414,4 млн теңге.
Орман шаруашылығы қызметкерлері атынан алғысын Қарқара орманшылығының орманшысы Ренат Алпысбаев білдірді. Ол орманшылар жасыл желектердің көлемін арттыруға бар күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті.
Сала ардагері Кенжебек Досайбеков те әріптестерін құттықтап:
«Бүгін ескі ғимараттың орнында сәулеті жарасқан еңселі ғимарат бой көтерді. Осы шаңырақта көптеген ізгі бастамалар туындайтынына, орман өсіру мен орман қорғау саласында жаңа идеялар жүзеге асатынына сенімдімін. Еңбектеріңіз жемісті болып, жаңа ғимараттарыңыз құтты болсын», – деді.
Облыстық басқарманың мәліметінше, бүгінде өңірде орман шаруашылықтарының қарамағында шамамен 89 мың гектар жер бар, оның 27 мың гектарын орман алқабы құрайды.