Райымбек ауданында мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі

Райымбек ауданында мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі

Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Қызылшекара ауылындағы К. Байшығанұлы атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. 1979 жылы салынған бұл білім ошағы осы уақытқа дейін бірде-бір рет толық жаңартудан өтпеген.

Мектептің жобалық қуаттылығы – 640 орын. Жалпы аумағы – 3254 шаршы метр, жер телімі 5,2 гектарды құрайды. Білім ордасында 38 мұғалім қызмет етеді, қазіргі таңда 227 оқушы білім алуда. Сондай-ақ мектеп жанында шағын орталық жұмыс істейді.

Аудан әкімінің орынбасары Жанарбек Жантөреұлының айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жобаның жалпы құны 1 млрд 600 млн теңгені құрайды.

— «Мектеп 1979 жылы салынған, содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл оқушылар саны 25 балаға артты. Бұл – жергілікті тұрғындармен қатар қоныс аударған азаматтар мен шекара қызметінің әскери қызметкерлерінің балалары есебінен көбейіп отыр. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі аса қажет», — деді аудан әкімінің орынбасары.

Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев жергілікті атқарушы органдарға мектеп ғимаратын тиімді пайдалану мәселесін қарастыруды тапсырды.

— «Күрделі жөндеу жұмыстары білім беру сапасын арттыруға және оқу процесінің жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Дегенмен ғимараттың көлемі өте үлкен. Жобалық қуаты 640 орынға есептелгенімен, қазіргі оқушылар саны әлдеқайда аз. Сондықтан бос тұрған бөлмелерді халық игілігіне жарайтындай етіп бейімдеп, тиімді пайдалану қажет», — деп атап өтті өңір басшысы.

 

Жоспарланған жөндеу жұмыстары Қызылшекара ауылының әлеуметтік дамуына және білім беру саласының сапасын көтеруге елеулі үлес қоспақ.