Алматы облысында өңірлік Alatau Hub базасында жасанды интеллект жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл бастама Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасы мен Alatau Hub бірлесіп жүзеге асыруда. Экожүйені дамытуға және цифрлық шешімдерді құруға хабтың резиденттері де қатысуда.
Жасанды интеллект жүйесі (шартты атауы - Qonaev AI) сынақтық режимде жұмыс істеуде. Қазіргі кезеңде модельдер мен алгоритмдер Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының деректері негізінде пилотты режимде жұмыс жасауда. Жоба дамуына қарай басқа басқармалар мен аудандық және қалалық әкімдіктердің ақпараттық базаларын интеграциялау арқылы функционалды біртіндеп кеңейту жоспарлануда.
Барлық деректерді өңдеу және сақтау үдерістері Alatau Hub базасында орналасқан жергілікті инфрақұрылымда жүзеге асырылады. Бұл жүйенің сенімділігін, бақылануын және ақпараттық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта серверлік қуаттарды ұлғайту және қосымша дереккөздерді біріктіру, сондай-ақ ақпаратты қорғаудың барлық талаптарын сақтау қарастырылған.
Жобаның жеке даму бағыты - жасанды интеллект технологияларын қолдану болып табылады. Бұл жобалық есептеулерді жеделдетуге, ресурстарды тиімді пайдалануға, сапаны бақылауға және инновациялық шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Бірыңғай деректер базасын құру өңірдің инфрақұрылымдық дамуының тиімділігін арттыруға маңызды қадам болмақ.