Мәскеу мен Алматы облыстарының кәсіпкерлері Красногорскіде бизнес-форум өткізді

Мәскеу мен Алматы облыстарының кәсіпкерлері Красногорскіде бизнес-форум өткізді

Красногорскіде Мәскеу мен Алматы облыстарының кәсіпкерлері қатысқан бизнес-форум өтті. Іс-шараның ашылу салтанатында Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев құттықтау сөз сөйледі.

Губернатор Андрей Воробьёв өз сөзінде Алматы облысымен экономикалық құрылым ұқсас екенін атап өтті. Ол сауда, қызмет көрсету, логистика саласындағы бірлескен жобалардың маңыздылығын айтып, Мәскеу облысы қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынатынын жеткізді.

Форум аясында Мәскеу облысы мен Алматы облысының арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Подмосковьеде болып жатқан қарқынды өзгерістерге оң бағасын беріп, екі аймақ арасындағы тәжірибе алмасу маңызды екенін атап өтті. Ол қазақстандық кәсіпкерлердің Мәскеу облысына, ал ресейлік кәсіпкерлердің Алматы облысына инвестиция салуға қызығушылығы артып отырғанын жеткізді.

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде екі ел арасындағы 7 мың шақырымнан асатын ортақ шекараның үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Еуразиядағы ірі логистикалық хабқа айналуды мақсат тұтып отыр, ал Мәскеу облысындағы «Селятино» көлік-логистикалық орталығы бұл бағытта маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар, форум барысында Мәскеу облысының «Славтранс-Сервис» компаниясы мен қазақстандық серіктестер – «KTZ-Express» және «ТЛЦ Алатау» үшжақты келісімге қол қойды. Жоба аясында Алматы облысында 75 гектар аумақта агрохаб құрылатын болды. Онда контейнерлік терминал, қоймалар, кедендік аймақ және ірі көтерме-тарату орталығы салынбақ.

Бұл бастама Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара сауда айналымын арттырып қана қоймай, Орталық Азия нарығына шығуға жаңа мүмкіндіктер береді деп күтілуде.