Алматы облысында шипалы ыстық су көздеріне апаратын жол жөнделіп жатыр

Алматы облысында шипалы ыстық су көздеріне апаратын жол жөнделіп жатыр

Алматы облысында шекара маңындағы аудандарды қоса алғанда, туристік инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Мұнда күн сайын мыңдаған көлік қатынайтын республикалық маңызы бар «Көкпек – Шонжы» автожолы жөнделіп жатыр. Бұл жол танымал ыстық су көздеріне апарады, сондықтан оның қайта жаңғыртылуы өңірдің туризмді дамыту жөніндегі кешенді жоспарына енгізілген.

Ұйғыр ауданында ұзындығы 85 шақырымдық жол учаскесін жаңарту жұмыстары басталды. Бұл трасса Арасан ауылдық округін туристік нысандармен байланыстырады және ішкі туризм үшін маңызды рөл атқарады. Мұнда соңғы күрделі жөндеу жұмыстары жиырмадан астам жыл бұрын жүргізілген. Қазір «Көкпек – Шонжы» жолының ыстық су көздеріне апаратын екі бөлігі қайта жөнделуде.

Көп жылдар бойы жолдың жағдайы қанағаттанарлықсыз болып, тұрғындар бірнеше рет әкімдікке оны ретке келтіруді сұрап жүгінген.

Ұйғыр ауданының тұрғыны Құрметхан Жидебаев атап өтті:– Шарын шатқалы маңындағы бұл бөлік ең қиын учаскелердің бірі саналды. Біз үшін бұл жолдың маңызы зор – ол Қытай шекарасына апарады. Енді туристерге де, кәсіпкерлерге де қатынау жеңілдейді. Бұл жол баршаға қажет.

Жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен шамамен 4 млрд теңге бөлінген. Биыл мердігерлер ресайклинг жасап, инертті материал төсеп, асфальттың алғашқы қабатын салады. Жобаны толық аяқтау келесі жылға жоспарланған.

«ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы бөлімінің басшысы Досбол Тепкішовтың айтуынша, бұл жол 1980–1990 жылдары салынған, ал оның жабыны әбден тозған. Жергілікті тұрғындар жолдың жағдайына жиі шағымданып, мұнда апатты жағдайлар көп болған. 2000-жылдардың басында тек үстіңгі қабаты ауыстырылған, одан кейін тек шұңқырларды жамау жұмыстары ғана жүргізілген. Қазір орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда, ал биылдың өзінде қозғалыс бір қабат асфальтпен ашылады.

Жалпы, 2025 жылы Алматы облысында республикалық маңызы бар 247 шақырым жол жаңартылады, оның шамамен 200 шақырымы Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарына тиесілі.