Экономикалық серпін: Алматы облысы алдыңғы қатарда

Экономикалық серпін: Алматы облысы алдыңғы қатарда

Алматы облысы – бүгінде тек табиғаты көркем өңір ғана емес, экономикалық қуаты артып келе жатқан алдыңғы қатарлы аймақ. 2024 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі 6 триллион теңгеге жетіп, 104,8 пайыздық өсімді көрсетті. Бұл – жай ғана статистика емес, нақты істер мен терең өзгерістердің көрінісі.

Республика бойынша үздік бес өңірдің қатарынан табылу – кез келген аймақ үшін үлкен жетістік. Ал бұл көрсеткішке жету үшін Алматы облысы соңғы үш жылда тың серпінмен дамып, 2021 жылы республика бойынша 10-орында, 2022 9-шы орынды көрсетсе, бүгінде 5-орынға орнықты. Мұндай өрлеу – кездейсоқтық емес, жүйелі саясат пен батыл шешімдердің жемісі.

Облыс бұрын аграрлық аймақ ретінде танылса, қазір өндіріс пен инвестицияның жаңа белесіне көтеріліп келеді. Мысалы, 2022 жылдан 2024 жылға дейін өнеркәсіп саласының өсімі 16,9 пайызды құрап, өндіріс көлемі 1 трлн 930 млрд теңгеге жетті. Бұл – отандық өнімнің үлесі артып, жаңа жұмыс орындарының құрылып, өңір халқының тұрмысы жақсаруда деген сөз. Сарапшылар 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 трлн 210 млрд теңгеге жетеді деп болжап отыр.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз да осы бағыттағы міндеттерді айқындап берді:
– Біздің басты мақсатымыз – тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру, – деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында.

Алматы облысының бүгінгі экономикалық қарқыны – нақты көрсеткіштермен дәлелденген табыс жолы. Бұл – жергілікті билік пен халықтың ортақ еңбегінің нәтижесі. Ал алдағы уақыттың еншісінде – өндірісті әртараптандыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау міндеті тұр.