Алматы облысында елді мекендерді кезең-кезеңімен газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтай отырысында халыққа арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру аясында жүргізілуде. Мемлекет басшысы тұрғындардың тұратын жеріне қарамастан, газбен қамтуды қоса алғанда, базалық инфрақұрылымға тең қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын.
Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы 284 елді мекеннің 158-і немесе 55,3%-ы газ жүйесіне қосылған. Облыс халқының 77%-ын құрайтын 1,2 миллионнан астам тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілген.
«Өткен жылдың өзінде ғана 17 елді мекенге газ тартылып, 40 мыңнан астам адамның өмір сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда тағы 18 ауыл мен қала массивін газдандыру жобалары дайындалды. Оларды іске асыру нәтижесінде шамамен 600 уақытша және 20 тұрақты жұмыс орны ашылады», — деді Исатаев.
Сонымен қатар, ол 2025 жылы облыстық бюджеттен 14 елді мекенді газдандыруға 11 миллиард теңге бөлінетінін атап өтті. Нәтижесінде, келесі жылдың соңына қарай өңірдегі газдандыру деңгейі 59,5%-ға жетіп, 169 елді мекен газбен қамтылатын болады.
Іс-шара соңында марапаттау рәсімі өтті. Жоғары кәсібилігі мен энергетика саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін мұнай-газ саласының ондаған маманы мемлекеттік және өңірлік наградалармен — медальдармен, Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.