Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде 2 миллиард ағаш отырғызу бастамасы қолға алынды. Бұл – Қазақстанның ең ауқымды экологиялық жобаларының бірі. Алматы облысында осы тапсырма аясында жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатыр.
Өңірде 2021–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, 23 800 гектар аумаққа 52,6 миллион ағаш отырғызу көзделген. 2021–2024 жылдар аралығында 552,2 гектар жерге 2 миллион 740 мың дана көшет отырғызылды.
Сонымен қатар, 16 600 гектар аумаққа қара сексеуілдің тұқымы себіліп, шығымдылығы 34 миллион 500 мың данаға жетті. Осылайша, жоспарланған жұмыстар толық көлемде, яғни 100 пайызға орындалды.
Биыл орман екпелерімен отырғызылатын және тұқым себілетін жер көлемі – 2 430 гектар. Оның ішінде көктемде 80 гектарға 564 700 дана көшет отырғызылды. Ал күзде 2 350 гектар аумаққа 11 750 килограмм қара сексеуіл тұқымын себу жоспарланған. Қазіргі уақытта соның 2 005 гектары дайындалды. Жылдық жоспар толық орындалғаннан кейін Алматы облысының ормандылығы 15 пайыздан 15,2 пайызға дейін артады.
Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 5 пайыздан 5,2 пайызға дейін көтеріледі.
Облыстың орман шаруашылығы мекемелері орманды молықтыруға қажетті стандартты отырғызу материалдарымен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта 129,9 гектар аумақта орналасқан 2 тұрақты және 10 уақытша тұқымбақ жұмыс істейді. Онда 4 миллион 696 мың дана қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты көшет өсірілуде.
Әрбір отырғызылған ағаш – табиғатқа тағзым, болашаққа қалдырылған аманат. Алматы облысының орманшылары үшін бұл – күнделікті еңбек қана емес, келешек ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік.