Алматы облысында көлік жүйесі мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында белгіленген міндеттер аясында жүргізілуде. Өңірде автомобиль жолдарын жөндеу мен жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы қарқынды іске асырылып жатыр.
Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 5 714 шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1 808 шақырым, жергілікті маңызы бар жолдар – 3 906 шақырым. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 94%-ға жетті.
2025 жылы жол жөндеу жұмыстары облыстың барлық аудандарын қамтиды. Жоспарда – 872,9 шақырым автожолды жаңарту, оның ішінде 53,2 шақырымына күрделі жөндеу, 135,5 шақырымына орташа жөндеу жүргізу қарастырылған. Ерекше назар елді мекен ішілік жолдарға аударылып отыр: 142 ауылда жалпы ұзындығы 684,2 шақырым болатын учаскелерде жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Жыл басынан бері 72 шақырым автожол жөнделіп, қалған учаскелер әртүрлі кезеңдерде іске асырылуда. Жұмыстар жоспарлы түрде жалғасып жатыр.
«Біз жол жөндеу маусымының соңғы кезеңіне шықтық. Көптеген учаскелерде жұмыс белсенді түрде аяқталуда, кейбірі пайдалануға берілді. Біздің міндетіміз – тек жолға асфальт төсеу емес, ауылдар, аудандар мен қалалар арасындағы тұрақты көлік байланысын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов.
Оның айтуынша, назар тек магистральдік трассаларға ғана емес, сондай-ақ ауылішілік және кіреберіс жолдарға да аударылуда. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Жол-көлік желісін дамыту логистиканы жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ экономикалық белсенділік пен ішкі туризмнің дамуына мүмкіндік береді.