Алматы облысында 2025–2026 жаңа оқу жылына орай білім беру ұйымдары толық көлемде оқулықтармен қамтылды. Бұл мақсатқа биыл 3 млрд теңге бөлініп, облыс мектептеріне барлығы 808 568 дана жаңа және қайта басылған кітап жеткізілді.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, сатып алынған оқулықтар 11 баспадан алынды және олар 4, 7, 8, 10–11 сыныптарға арналған. Осылайша өңірдегі барлық білім беру ұйымдары қажетті оқу құралдарымен 100% қамтамасыз етілді.
Жаңартылған мазмұн аясында 4-сынып оқушылары үшін алғаш рет қазақ тілінде оқытатын мектептерге арналған орыс тілі, сондай-ақ ағылшын, неміс, француз тілдері, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, цифрлық сауаттылық және жаратылыстану пәндерінен жаңа оқулықтар дайындалды.
Сонымен бірге орта және аға буынға арналған кітаптар қайта басылды. Атап айтқанда, 7-сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеті (орыс тілінде оқытатын мектептер үшін), орыс тілі мен әдебиеті (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), математика, физика, химия, биология, Қазақстан тарихы, ағылшын тілі және көркем еңбек пәндері бойынша жаңартылған басылымдар жеткізілді.
Қосымша 7–8 сыныптарға арналған «Қазақстан географиясы», 8-сыныпқа «Қазақстан тарихы», 10–11 сыныптарға «Бастапқы әскери және технологиялық дайындық», сондай-ақ 11-сыныпқа «Құқық негіздері» оқулықтары қайта шығарылды.
Білім басқармасында атап өткендей, бұл шара Мемлекет басшысының білім сапасын арттыру және оқу процесін сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында іске асырылып отыр.