2025 жылғы 28 тамызда Іле ауданы Байсерке ауылдық округіне қарасты Көктерек ауылында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Әлеуметтік маңызы жоғары нысан Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында қолданысқа берілді. Жаңа медициналық мекеме ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен сапалы әрі қолжетімді түрде қамтамасыз етуге бағытталған.
Фельдшерлік-акушерлік пункт заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған: фельдшер қабылдау бөлмесі, жүкті әйелдерге арналған арнайы кабинет, процедуралық және егу бөлмелері, физиотерапия кабинеті және дәрі-дәрмек қоймасы бар.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталып, мемлекет меншігіне жемқорлық фактілері бойынша қайтарылған қаражат есебінен толықтай қаржыландырылды. Жалпы аумағы – 70 сотық, ғимараттың ауданы – 264 шаршы метр. Мекеме бір ауысымда 10 адамға дейін қабылдай алады.
Жаңа ФАП-та фельдшер, акушер және процедуралық кабинет мейірбикесі қызмет етеді. Сондай-ақ фертильді жастағы және жүкті әйелдерді қабылдауға арналған арнайы кабинет қарастырылған.
Салтанатты шараға Іле ауданының әкімі Қайыржан Серікбайұлы Жақсымбетов, аудан прокуроры Бауыржан Рамазанұлы Тулендинов, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Пернебайқызы Серікбаева, ауыл ақсақалдары мен денсаулық сақтау саласының ардагерлері қатысты.
Аудан әкімі Қайыржан Серікбайұлы өз сөзінде:
«Бұл нысан — ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты нәтиже. Президент тапсырмасына сәйкес, сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады», — деп атап өтті.