Конституция күні: Қонаевта 42 отбасыға пәтер кілті табысталды

Конституция күні: Қонаевта 42 отбасыға пәтер кілті табысталды

Биыл елімізде Ата Заңымыздың 30 жылдығы тойлануда. Айтулы күнге орай, Қонаев қаласының тұрғындары да қуанышқа бөленді.

Қонаевта 42 отбасы баспаналы болды. Кілттерді қала әкімі Асхат Бердіханов салтанатты түрде табыстады.

«Алдағы жылдары қала бойынша жалпы ауданы 161 мың шаршы метрді құрайтын 72 тұрғын үй салынады. Құрылыстың қарқынды жүруінің арқасында пәтер кезегі жылдам қозғалып, тұрғындар баспаналы болмақ. Облыс орталығы болғалы 193 отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішінде биылдың өзінде 108 пәтер кілті табысталды», - деді әкім.

Сондай-ақ ол жыл соңына дейін жүзеге асатын шаралар туралы айтты.

«Бүгін Қарлығаш шағынауданында 18 жер үй көпбалалы отбасылар, жетім, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріліп отыр. Бұдан бөлек, 24 пәтер кілті табысталуда. Жалпы саны 42 отбасы бүгін баспаналы болды. Жыл соңына қарай үйлі болатын отбасылардың саны 200-ден асады деп күтілуде. Конституция күнімен қатар келген қуаныштарыңыз құтты болсын!» - деді шаһар басшысы.

Бұл күні шаңырақтары шаттыққа толған тұрғынның бірі – Динара Таурбаева. Ол мүгедектігі бар екі баланы тәрбиелеп отыр. Ал кезекте тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болған.

«Қуанышым қойныма сыймай тұр. Әр отбасыға осындай жақсылық бұйырсын. Ел іргесі мығым болсын! Ата Заңымыздың 30 жылдығы құтты болғай!» - деді ол.

Айта кетейік, берілген жер үйлер мен пәтерлер сатып алу құқығымен жалға берілді. Алғашқы жарнасын төлеу арқылы үйлерді жекешелендіріп алуға болады. Жалпы Қонаев қаласында 3800-ден астам тұрғын үй кезегінде тұр. Пәтер алуға кезекке тұру үшін «Отбасы банктің» қосынына жолығу қажет.
Сонымен қатар, Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай Алматы облысында халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін нақты жобаларға да басымдық берілуде. Өңірде 17 жаңа нысан іске қосылады. Олардың қатарында 11 мектеп, медициналық пункт, Мәдениет үйі, Халыққа қызмет көрсету орталығы, екі өндірістік кәсіпорын және электр желілерін жаңарту жобасы бар.

300–600 орынға арналған 11 «Комфортты мектептің» ашылуы оқушы орындарының тапшылығын едәуір азайтады. Медициналық пункт ауылдық жерде алғашқы медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етсе, жаңа Мәдениет үйі шығармашылық пен қоғамдық бастамаларға арналған алаңға айналады. Сонымен қатар автокомпоненттер шығаратын өндірістік кешен мен логистикалық қойма жаңа жұмыс орындарын ашады.