Алматы облысы еліміздің алдыңғы қатарлы индустриялық өңірлерінің бірі ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Соңғы үш жарым жылда өңірде 6,7 трлн теңгенің өнімі өндірілді. 2024 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артты. Ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің индексі 106,6%-ды құрады.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев дамудың басым бағыты шикізаттық емес экономика болып қала беретінін атап өтті: «Осы бағыт тұрақты индустриялық база қалыптастыруға және жаңа өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді».
Өңір азық-түлік өнеркәсібінде жетекші орынға ие: еліміздегі көкөніс шырындарының 96%-ы, балмұздақтың үштен екісі және сүзбенің жартысы Алматы облысында өндіріледі. Бұдан бөлек, мұнда гипсокартон өндірісінің 80%-ы шоғырланған, елдегі жалғыз темекі индустриясының орталығы жұмыс істейді және отандық дәрі-дәрмек өндірісінің 24%-ы қамтамасыз етіледі.
2025 жылы құны 80 млрд теңге болатын кореялық KT&G компаниясының зауыты іске қосылып, 300 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығы жалпы республикалық көлемнің 12%-ын құрайды, ал соңғы үш жылда шикізаттық емес экспорт көлемі 2 млрд АҚШ долларына жуықтап, 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге артты.
Іске асырылған инвестициялық жобалардың қатарында — Jiangxi Copper компаниясының вольфрамды қайта өңдеу жобасы (135 млрд теңге), Almaty Insulation жылу оқшаулағыш зауытының құрылысы (43,8 млрд теңге) және Focus Logistics қойма кешендері (70 млрд теңгеге дейін).
2025 жылдың соңына дейін Алматы облысында жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 35 жаңа жоба іске қосылады. Олардың ішінде — PepsiCo компаниясының Lay’s зауыты (71 млрд теңге), LC Waikiki таратылым орталығы (30 млрд теңге), Qazaq Global Food зауыты (16,5 млрд теңге) бар.
Энергетика саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Шелек ауданында қуаттылығы 60 МВт жел электр станциясы, Қонаев қаласында 110 МВт электр станциясы пайдалануға берілуде. Бұл шаралар энергия тапшылығын азайтып, өңірдің өнеркәсіптік өсімін қолдайды.
Алматы облысы индустриялық, аграрлық және экспорттық әлеуетін нығайтып, өңір мен ел экономикасының тұрақты дамуына серпін беруде.