Бүгінгі күнге Алматы облысында тіркелген кәсіпкерлер саны 150 мыңнан асты. Жыл басынан бері бизнеске 4 мыңнан астам консультация берілді. «Бір ауыл – бір өнім» жобасында 10 финалист анықталды, олардың үшеуі республикалық кезеңге шығып, 5 миллион теңгеге дейінгі грантқа үміткер бола алады.
Аймақтың интерактивті инвестициялық картасында жалпы құны шамамен 2 трлн теңге болатын 90 жоба іске асырылуда, бұл 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті қолдауға бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл қаражаттар несиелерді субсидиялау, қарыздар мен лизинг бойынша кепілдіктер беру, сондай-ақ жастар мен әлеуметтік кәсіпкерлікті гранттар арқылы қолдау үшін бағытталған.
Соңғы үш жылда облыстың экономикасына салынған инвестициялар 60%-ға артты және шамамен 2,5 трлн теңгеге жетті. Аймақта алты индустриалды аймақ жұмыс істейді, тағы тоғызы қалыптасу сатысында. Жаңа жобалар арасында зауыттар, фабрикалар, логистикалық хаб және балық шаруашылығы кәсіпорындары бар. 2026 жылы жалпы сомасы 300 млрд теңгеден асатын 35 жобаны іске асыру жоспарлануда.