Алматы облысында кәсіби білім беру жүйесін дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Колледждер – кәсіби маман даярлаудың негізгі буыны ретінде жастарды техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіп қана қоймай, еңбек нарығы талап ететін жаңа дағдылармен қаруландыруда маңызды рөл атқарып отыр.
2025 жылы техникалық және кәсіптік білім беру саласына облыста ерекше назар аударылып, бұл мақсатқа 16,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Қаражат колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға, сондай-ақ ел экономикасы мен еңбек нарығы сұранысына сәйкес білікті мамандар даярлауға бағытталды.
«Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында Алматы облысындағы 4 колледжде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашылды. Бұл жастарды ерте жастан еңбекке баулып, кәсіби бағыт-бағдар беру жолындағы маңызды қадам болды. Сонымен бірге, облыс студенттері «WorldSkills» ұлттық чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола және 5 медальон жеңіп алып, өздерінің кәсіби бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.
Биылғы облыстық тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын дамытуға қатысты тапсырмаларына айрықша назар аударылды. Президент жастарды заманауи еңбек нарығына даярлау, ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыру, сондай-ақ қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою міндеттерін нақтылап берді.
Осыған орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев педагогтармен кездесуде өңірде білім беру саласын дамытуға басымдық берілетінін атап өтті. Әкімнің айтуынша, колледждер мен мектептердің инфрақұрылымын жаңғырту, ауылдағы білім ошақтарының материалдық базасын жақсарту және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.
Жиын барысында ұстаздардың жетістіктері де лайықты бағаланды. Атап айтқанда, халықаралық деңгейде шәкірт тәрбиелеп жүрген Алатау қаласындағы №47 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Светлана Бекмухамбетова, Есік қаласындағы А. Мәлкеев атындағы «Білім-инновация» лицейінің география пәнінің мұғалімі Тамара Ещанова, Іле ауданындағы №38 мектептің құқық пәнінің мұғалімі Лейла Нарымова, Еңбекшіқазақ ауданындағы Рахат №1 орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Нұртай Ерназар және өзге де үздік педагогтар кәсіби шеберліктерімен ерекшеленді.
2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша облыста білім сапасы 68,9 пайызды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға жоғары (2023–2024 ж. – 67,2%). Мұндай өсім өңірдегі білім беру сапасының тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді.
Алдағы уақытта да Алматы облысында білім беру саласына қолдау жалғасып, ұстаздар қауымына жан-жақты жағдай жасалмақ.