Балалардың болашағы – басты назарда

Балалардың болашағы – басты назарда

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 2024 жылы қабылданған білім сапасын арттырудың «Жол картасы» аясында «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп қолға алынған «Табысты 50 мектеп» жобасы алғашқы нәтижелерін беріп жатқанын айтты.

Әкімнің айтуынша, аталған мектептерде оқушылардың жаратылыстану пәндері бойынша білім сапасы 4-тен 12 пайызға дейін артқан. Сондай-ақ, 17 оқушы республикалық деңгейде үздік нәтиже көрсеткен.

«Бұл – білім саласындағы нақты қадамдардың, педагогтерге көрсетілген әдістемелік және материалдық қолдаудың жемісі. Өңір мектептерінде жаңа тәсілдер енгізіліп, оқушылардың білім деңгейі артып келеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз», – деді облыс әкімі.

Жоба аясында 5 200 педагог негізгі және ілгері деңгейдегі біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оған жергілікті бюджеттен 701 млн 120 мың теңге бөлінді.

Осы орайда мектеп басшыларына үш негізгі міндет жүктелді: басқару мен оқыту сапасын арттыруға бағытталған инновациялық тәсілдерді оқу-тәрбие процесіне жүйелі түрде енгізу; курстан өткен педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетуді ұйымдастыру; білім сапасын жаңа деңгейге көтеру үшін оқу процесін заманауи талаптарға сай жетілдіру.

Сонымен қатар, өңірде шалғай елді мекендерде тұратын балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалуда. 35 081 оқушы күнделікті арнайы автобустармен мектепке жеткізіледі. Ал 176 390 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Бұл мақсатқа биыл 16 млрд 727 млн теңге қарастырылған.

Балалардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуге арналған жазғы демалыс та дәстүрлі түрде ұйымдастырылды. Жергілікті бюджеттен 282,3 млн теңге, «Қазақстан халқына» қорынан 166,8 млн теңге бөлініп, облыста 27 лагерь жұмыс істеді. Соның нәтижесінде 335 923 бала, яғни оқушылардың 92 пайызы жазғы демалыспен қамтылды.

Тамыз кеңесінде атап өтілгендей, Алматы облысында алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында білім сапасын көтеру, педагогтерді жан-жақты қолдау және балалардың болашағына салынатын инвестицияны еселеу басты міндет болып қала бермек.