Қонаев қаласында жыл соңына дейін екі жаңа зауыт ашылады

Қонаев қаласында жыл соңына дейін екі жаңа зауыт ашылады

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес Қонаев қаласында инвестиция тарту және өнеркәсіпті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері Қонаев экономикасына 308,8 млрд теңге инвестиция құйылып, нәтижесінде «Оспанова Девелопмент» балық өңдеу зауыты іске қосылды, жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жаңғыртылуда. Сонымен қатар туризм саласында қонақ үйлер мен демалыс аймақтарының құрылысы жүргізіліп, жаңа жұмыс орындары ашылып, қаланың қарқынды дамуына ықпал етуде.

Ресми деректерге сәйкес, Қонаев қаласының инвестициялық портфелі жалпы құны 2,4 трлн теңгені құрайтын 39 жобадан тұрады. Олар 2030 жылға дейін жүзеге асырылып, 17 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның ішінде 11 жоба туризмді дамытуға бағытталған.

«Биыл біз 650 млн теңге инвестиция есебінен «Текемет» мейрамхана-қонақ үй кешенін және 10,1 млрд теңгелік «АСП Арена» отбасылық-ойын-сауық орталығын аштық. Жыл соңына дейін екі зауытты – сусын өндіретін «Run Planet» пен май, ұн және құрама жем шығаратын «Қапшағай бидай өнімдері» кәсіпорнын іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімі Асхат Бердіханов.

Оның айтуынша, 2026 жылы Қонаев қаласында 48 төсек-орынға арналған, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілетін кардиологиялық орталық пайдалануға беріледі. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге.

Қазіргі уақытта қалада жүгері таяқшаларын өндіретін «АЯМ» зауытының өндірісі кеңейтіліп жатыр, сондай-ақ жаңа жобаларға қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

Бүгінде Қонаев қаласында 12 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істеп, облыс құрылғаннан бері жалпы өндіріс көлемі 410,2 млрд теңгені құрады.