Алматы облысында ауылдық денсаулық сақтау нысандары жаппай салынып жатыр

Алматы облысында ауылдық денсаулық сақтау нысандары жаппай салынып жатыр

Алматы облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 38 медициналық мекеменің құрылысы бекітілген болатын. Бүгінгі таңда соның 17-сі қолданысқа берілді.

Сонымен қатар биыл жергілікті бюджет есебінен 7 медициналық мекеменің құрылысы басталды. Оның ішінде Жамбыл ауданында емхана, ал Райымбек, Қарасай, Еңбекшіқазақ және тағы бірқатар аудандарда дәрігерлік амбулаториялар салынуда. Бұдан бөлек, Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында, Райымбек ауданының Нарынқол, Тегістік, Үштерек ауылдарында, Қарасай ауданының Абай ауылында және Еңбекшіқазақ ауданының Тескенсу ауылында 6 нысанның құрылысы жүріп жатыр. 2024 жылы Еңбекшіқазақ, Балқаш және Райымбек аудандарында 3 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді, сондай-ақ 4 объектіде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ағымдағы жылы Еңбекшіқазақ ауданының 5 ауылына блокты-модульді кешен орнатуға қаржы бөлінді. Жалпы, Алматы облысында жыл соңына дейін 21 жаңа медициналық мекеме іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ұлттық жобаның басты мақсаты – шалғайдағы ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамту.

Ұлттық жоба аясындағы жұмыстар ауылдық денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру деңгейін де жақсартуға ықпал етпек.