Алматы облысының аграрлық саласы қарқынды дамып, өнімділіктің тұрақты өсімін, өндірістің кеңеюін және ауыл шаруашылығының әртүрлі бағыттарында жаңа жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етіп отыр.
Өнімділік республикалық деңгейден жоғары
Биыл Алматы облысында өнімділік республикалық орташа көрсеткіштерден асып түсті. Мәселен, дәнді дақылдар әр гектарынан еліміз бойынша орташа көрсеткіштен 4,8 центнерге артық өнім алынуда, ал картоп пен көкөніс бойынша – 63 центнерге артық. Жыл соңына дейін облыста 1,26 млн тонна астық жинау жоспарлануда.
– Облыстың аграрлық әлеуеті жоғары. Өнімділіктің республикалық көрсеткіштерден жоғары болуы – диқандарымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы.
Алматы облысында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жалғасуда. Жалпы 30,8 мың шаруашылық қамтылуы тиіс, бүгінгі күнге дейін оның 31%-ы немесе 9,7 мың ауыл шаруашылығы құрылымдары тіркелген.
Салаға қосымша қаржы қажет
Өңірдің ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін қосымша 155 млрд теңге қажет. Оның ішінде:
47 млрд теңге – субсидияларға;
7,3 млрд теңге – «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға;
101,1 млрд теңге – инвестициялық жобаларды несиелеуге бағытталады.
Тамыз айынан бастап елімізде мал бордақылау алаңдарын жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаға 50 млрд теңге қарастырылған.
Өңірде жаңа қант зауытының құрылысы да жоспарланып отыр. Нысанға жер телімін «Алатау» АЭА құрамына енгізу және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі 12 тамызда өткен кеңесте қаралды.
– Қант өндірісін дамыту – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды қадам. Біз бұл жобаны толық қолдаймыз, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Суармалы жерлерді қамтамасыз ету және инфрақұрылым
Суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында Ислам даму банкі арқылы жалпы құны 97,5 млрд теңге болатын 6 ірі жоба жүзеге асырылуда. Жобалар аясында 570 км канал жаңғыртылып, 50 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері сумен қамтылады.
2026 жылы ветеринарлық пункттер мен мал қорымдарының құрылысына 1,5 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Қазіргі таңда өңірдегі ветеринарлық ұйымдардың автопаркі 84% тозған. Бұл мәселені шешу үшін Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 2,2 млрд теңгеге 132 көлік лизингке алынады.
Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп алты радиалды жол салу үшін 109 жер телімін сатып алу мәселесі шешілуде. Бұл мақсатқа 5,8 млрд теңге бөлінген.
Табиғи ресурстарды қорғау және қауіпсіздік
Табиғи ресурстарды қорғау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қосымша шаралар қабылдануда. Бақанас, Қаскелең, Құрты, Шелек және Қарадала ауылдарында жалпы құны 302 млн теңгені құрайтын 18 бейнабақылау камерасы орнатылады.