«Небо Байсерке – 2025»

«Небо Байсерке – 2025»

Ауқымды мерекелік шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шет мемлекеттерден келген 10 мыңнан астам көрермен жиналды. Таңертеңнен бастап Байсеркеге балаларымен келген отбасылар, жастар мен үлкендер ағылып, үлкен авиациялық мерекенің ерекше атмосферасына куә болды.

Авиашоуды ұйымдастырушылар – Қазақстанның шағын авиация қауымдастығы (КАМА), «Тянь-Шань» авиациялық орталығы, «Отан» әуе клубы мекемесі, сондай-ақ Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Visit Alatau туристік ақпараттық орталығы. Іс-шара қарсаңында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтіп, онда авиациялық спортты дамыту мен жастар арасында техникалық шығармашылықты насихаттаудың маңызы атап өтілді.

Ашық алаңда авиациялық техника музейі ұйымдастырылып, әр кезеңнің куәсі болған тарихи және заманауи ұшақтар мен тікұшақтар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Балалар ұшақ кабиналарын қызыға тамашалап, қонақтар естелік суретке түсті. Ресми ашылуға дейін мерекелік көңіл-күйді Қазақстанның мемлекеттік үрмелі оркестрі қалыптастырды, ал көк жүзінде әуе шарлары көтерілді. Шараның ресми жүргізушісі Роман Жуков авиашоудың ашылғанын хабарлап, әуеге алғашқы болып авиамодельдер көтерілді.

Ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы тігілген тікұшақтың Әнұран әуенімен көкке көтерілуімен айшықталды. Бұл сәт патриоттық рухты күшейтіп, аспанның елді біріктіруші құндылық ретіндегі символдық мәнін көрсетті.

Авиашоу бағдарламасына енгізілгендер:

  • жоғары пилотаж шеберлерінің өнер көрсетуі;

  • заманауи және тарихи әуе кемелерінің әуеге көтерілуі;

  • облыс әкімдігінің, Visit Alatau мен түрлі ұйымдардың жалауларымен парашютшілердің секіруі;

  • Қазақстан авиациялық спорты федерациясы вице-президенті Тимофей Меркуловтың түтін гирляндасымен әсерлі секірісі;

  • ҚР Қарулы күштері парашюттік даярлық орталығы спортшыларының көрсетілімі;

  • Socata ұшақтарының топтық ұшуы;

  • ҚР әуе спорты чемпионы Владимир Анцуповтың, нұсқаушы Дмитрий Кияновтың және басқа да ұшқыштардың жоғары пилотаждық маневрлері;

  • Pilatus PC-12, Partenavia P.68, Як-55 ұшақтарының және Ми-2 тікұшағының көрсетілімдері;

  • екі Ан-2 ұшағынан бір мезетте 24 парашютшінің десантталуы;

  • Як-18Т, Як-52 және Як-55 әуе кемелері орындаған «Ромб» топтық пилотажы.

Жердегі бағдарлама да ерекше әсер қалдырды: Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы әртістерінің концерттік қойылымдары, жәрмеңке, фотозоналар, балалар алаңдары, сондай-ақ авиациялық техника музейіне экскурсиялар ұйымдастырылды. Көрермендердің жайлылығы үшін шаттлдар, автотұрақтар, фудкорттар, ақпараттық орталықтар және санитарлық аймақтар қарастырылды.

«Небо Байсерке – 2025» Қазақстандағы авиациялық спорт саласындағы ең ірі оқиғалардың бірі ретінде өз мәртебесін тағы да дәлелдеп, технологияны, шеберлікті және көкке деген сүйіспеншілікті тоғыстырған нағыз отбасылық әрі шабыт сыйлаған мерекеге айналды.