Алматы облысында түлектерге жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу барысында қолдау көрсетілуде

Алматы облысында түлектерге жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу барысында қолдау көрсетілуде

Биыл Алматы облысында 17 940 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 1 432 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, тағы 1 513 оқушы үздік аттестат алды. Көпшілігі үшін бұл тек мектеп кезеңінің аяқталуы ғана емес, жоғары және орта кәсіптік білім жолындағы үлкен бастаманың алғашқы қадамы. Ал осы жолда өңір түлектеріне айрықша қолдау көрсетіп келеді.

Байқау нәтижелері бойынша облыс түлектерінің 44 пайызы — 7 681 жас мемлекеттік білім гранттарының иегері атанды. Оның ішінде өңір үшін басым бағыттарға ерекше көңіл бөлінген: 1 440 грант – педагогикалық мамандықтарға, 770 грант – медициналыққа, 543 грант – аграрлыққа бөлінді. Ал қалған 4 928 грант елімізде сұранысқа ие өзге салаларға тиесілі болды.

Халықаралық ынтымақтастық та мақтаныш тудырады: биыл Алматы облысының 37 түлегі Қытайға — Синьцзян университетіне оқуға барады. Барлық шығынды қабылдаушы тарап өз мойнына алған. Бұл – әлемдік деңгейдегі білім алуға ғана емес, сонымен қатар халықаралық құзыреттерге ие жаңа буын мамандарының қатарына қосылуға үлкен мүмкіндік.

Дарынды жастарды қолдауда жергілікті биліктің де рөлі ерекше. Биыл облыс әкімі 30 атаулы грант бөлді:

  • 17 грант – медициналық мамандықтарға,

  • 17 грант – аграрлыққа,

  • 6 грант – педагогикалыққа.

Бұл тек студенттерге көрсетілген қолдау ғана емес, өңірдің адами капиталына жасалған стратегиялық инвестиция. Күтілгендей, мұндай грант иегерлері туған өлкесіне оралып, Алматы облысының мектептерінде, ауруханаларында және ғылыми мекемелерінде еңбек ететін болады.

Бұл жас мамандардың өңірдің дамуына тірек боларына сенеміз. Білімді қолдау – бір реттік шара емес, бүкіл облыс үшін тұрақты болашақ қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс», — деді облыстық білім басқармасында.

Мемлекеттік гранттар мен халықаралық бағдарламалардан бөлек, өңірде мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары және колледждермен мақсатты оқыту жөнінде меморандумдар жасалуда. Бұл түлектерге қай мамандықтың сұранысқа ие екенін алдын ала түсінуге әрі оқуды аяқтаған соң кепілді жұмыс орнына ие болуға мүмкіндік береді.