Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданы тұрғындарымен кездесу барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару қарқынының төмен екенін атап өтті.
Өңір басшысы жер ресурстарын тиімді пайдалану аграрлық секторды дамыту мен облыс экономикасының өсуінің маңызды шарттарының бірі екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және мемлекет меншігіне қайтару – адал ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жерді беру мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген басым міндеттердің бірі екенін еске салды.
Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2025 жылы Алматы облысында пайдаланылмай жатқан 366 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталды. Оның 49,7 мың гектары немесе 13,6%-ы мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жерлер алдағы уақытта қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі.
Талғар ауданында пайдаланылмай жатқан жер көлемі 33,9 мың гектарды құрайды. Алайда оның тек 123 гектары (0,4%) ғана мемлекетке қайтарылған. Сонымен қатар, мемлекеттік жайылымдық жер қорын толықтыру үшін қосымша 0,4 мың гектар жер бөлінді.
Облыс әкімі аудан әкімдігіне осы бағыттағы жұмысты жандандыруды және қайтарылған жерлерді өнім өндіруге ниетті, оларды тиімді пайдаланатын шаруаларға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.