Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарымен кездесіп АӨК негізгі нысандарын аралады

Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарымен кездесіп АӨК негізгі нысандарын аралады

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданына жасаған жұмыс сапары аясында аудан халқымен есептік кездесу өткізіп, өңірдің дамуындағы өзекті мәселелер мен басты басымдықтарды талқылады. Ашық диалог форматында өткен кездесуде тұрғындар жолдарды жөндеу, газдандыру, жастарды жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін көтерді. Кездесу барысында аймақ басшысы тиісті салалық басқармаларға нақты тапсырмалар берді.

Еңбекшіқазақ ауданына жұмыс сапары аясында өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі ірі жобаларды аралап көрді.

Саймасай ауылында орналасқан «Айдарбаев» шаруа қожалығының түйіршіктелген құрама жем-шөп өндіру желісі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің заманауи үлгісі. Жоба құны – 500 млн теңге, өндірістік қуаты – сағатына 3,5 тонна. 2024 жылдың қазан айында басталған құрылыс бүгінде толық аяқталған, қазір құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорында 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріс балық және жануарларға арналған түйіршіктелген құрама жем шығаруға маманданған.

Сонымен қатар, облыс әкімі «Есік жеміс консерві зауыты» ЖШС-нің өндірістік әлеуетімен танысты. Жалпы жер көлемі – 1500 гектар: оның ішінде 200 гектарға өрік, 1000 гектарға қызанақ, 300 гектарға алма бағы егілген. Кәсіпорын концентрленген томат пастасы, алма және өрік пюресі, ашық алма шырыны, сондай-ақ консервіленген өнімдер шығарады. Заманауи «Triowin» және «Manzini» желілері тәулігіне 900 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді. Зауытта 100 тұрақты және 200 маусымдық жұмыс орны бар.

Қырбалтабай ауылдық округінде орналасқан «Агро Балтабай» ЖШС – 12 мың бас қазақтың ақ бас тұқымды ірі қара малға арналған бордақылау алаңы. 2021 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде 1500 бас бордақыда, 3000 бас жайылымда бағылады. Өндіріс мәрмәр және жартылай мәрмәр сиыр етін өндіреді. Кәсіпорынның меншігінде 10 мың бас ірі қараға арналған репродукциялау және бордақылау алаңы, 60 бірліктен тұратын техникалық парк және жеткілікті азықтық база бар. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Аймақ басшысы аталған жобалардың өңір экономикасы мен ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.