Алматы облысында Спорт күні аталып өтті

Алматы облысында Спорт күні аталып өтті

Қонаев қаласындағы Б. Соқпақбаев атындағы орталық саябақ сахнасында Спорт күніне арналған мерекелік кеш өтті. Бір алаңда олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпиондары, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар және жас спортшылар бас қосты.

Мереке Жақсылық Үшкемпіровтің аңызға айналған жеңісін бейнелеген театрландырылған қойылыммен ашылды. Одан кейін спорт ардагерлері, жаттықтырушылар және дене шынықтыру мен спорт саласының мамандары марапатталды.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев спортшылардың жетістіктері жүйелі қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті: «Спорт – ұлт рухын көтеретін күш. Өңірде спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар ай сайынғы стипендия алады, ал енді «Алатау» клубының жұмысының арқасында қосымша төлемдер де беріледі. Сонымен қатар, спорт саласының мамандары мен үздік спортшылар «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотекалық несие рәсімдей алады. Бұл – олардың еңбегіне берілген лайықты баға әрі жаңа жеңістерге ынталандыру», – деді ол.

Соңғы жылдар өңір үшін жарқын жетістіктерге толы болды: Париж олимпиадасында Демеу Жадраевтың күміс медалі, Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында Асет Дүйсеновтің жүлделері, сондай-ақ боксшылар мен ауыр атлеттердің Азия және әлем чемпионаттарындағы алтын жеңістері.

Бұқаралық спорт та қарқынды дамуда. 2024 жылдан бері «Алатау лигасы» аясында ауылдық округтерде 140 клуб ашылып, футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі бойынша 318 команда құрылды. Жоба жаңа жұлдыздарды анықтап, мыңдаған тұрғынды салауатты өмір салтына баулып келеді.