Жартыжылдық қорытындысы: Қонаев қаласында 86 жаңа тұрғын үй салынып жатыр

Жартыжылдық қорытындысы: Қонаев қаласында 86 жаңа тұрғын үй салынып жатыр

Қонаев қаласында заманауи қала ортасын қалыптастыруға бағытталған ауқымды тұрғын үй құрылысы жалғасуда. Бүгінде қаланың әртүрлі шағынаудандарында абаттандырылған аулалары, сауда нысандары және демалыс орындары бар 86 жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Д. Қонаев даңғылында «MDI Construction» ЖШС «Маяк» тұрғын үй кешенін салып жатыр. Жоба жеті төрт қабатты секциядан тұрады және 216 пәтерді қамтиды. Сондай-ақ, кешен аумағында жеке кафе, дүкен және спорт залы қарастырылған.

19-шағынауданда «Хаммер Бау Девелопмент» ЖШС «Атамекен» тұрғын үй кешенін салуда. Жоба үш тоғыз қабатты кең пәтерлі үйден тұрады. Құрылысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Ірі жобалардың бірі – «Али-Нұр транс» ЖШС-нің «NNS City» тұрғын үй кешені. Мұнда 21 бес қабатты үй салынып, шамамен 600 пәтер пайдалануға беріледі. Бірінші кезектің құрылысы 2026 жылдың қараша айында аяқталады.

Қаланың орталығында, Д.А. Қонаев даңғылында Retail Construction компаниясы 50 пәтерден тұратын ықшам бес қабатты үй салып жатыр. Нысанды 2025 жылдың желтоқсан айында тапсыру көзделген.

«R&M Construction» ЖШС жүзеге асырып жатқан «Аристократ» тұрғын үй кешені 25 үйден тұрады. Қазіргі таңда кейбір үйлер пайдалануға берілген, ал жоба толықтай 2027 жылы аяқталады.

«GS QURYLYS» ЖШС «Comfort» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізуде. Жоба төрт тұрғын блоктан, дүкендерден және автотұрақтан тұрады. Құрылысты 2026 жылдың басында аяқтау жоспарланған.

10-шағынауданда Chinese Foreign Construction Company компаниясы «Феникс» тұрғын үй кешенінің құрылысын бастайды. Бірінші кезек 2026 жылы тапсырылады.

Осы жылдың басынан бері қалада 14,213 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2024 жылғы көрсеткіштің 65,2%-ын құрайды. Орындаған құрылыс жұмыстарының көлемі 8 млрд теңгені құрады.

Аталған жобаларды іске асыру қала тұрғындарын заманауи әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етіп, абаттандыру деңгейін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік және коммерциялық инфрақұрылым нысандарын көбейтуге мүмкіндік береді.