Алматы облысында 35 жасқа дейінгі шамамен 430 мың жас тұрады, олардың 80%-дан астамы – ауылдық жерде, 136 ауылдық округте. Ауылдарда жастармен жастар ісі жөніндегі нұсқаушылар жұмыс істейді – олар мемлекеттік саясатты ауыл деңгейінде жүзеге асыратын негізгі буын.
Өңірде алғаш рет осы саладағы үздік мамандарды анықтап, ынталандыруға бағытталған «Umtylys» байқауы өтті. Іріктеу кезеңінен кейін 44 қатысушы финалға жолдама алды, олардың арасынан комиссия 8 жеңімпазды анықтады. Меценаттардың қолдауына ие болған олардың жобалары жыл соңына дейін жүзеге асырылады. Бүгін жеңімпаздарға салтанатты жағдайда қаржылай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев белсенді жастардың өңірдегі жастар ортасын дамытуға және әлеуметтік капиталды нығайтуға қосып жатқан үлесін атап өтті.
Қуат Байғоджаев айтуынша, облыста бірқатар маңызды бағдарламалар сәтті іске асырылып жатыр: жас мамандарға арналған «Алатау жастары» жеңілдетілген ипотекасы, ғылым, мәдениет және инновация саласындағы жобаларға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» және «Заңғар» гранттары, сондай-ақ ауыл жастарына төмен пайыздық мөлшерлемемен несие беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы.
Жастар инфрақұрылымы да дамып келеді: Қонаев қаласында, Кеген, Райымбек және Балқаш аудандарында жаңа жастар ресурстық орталықтары ашылды, жыл соңына дейін мұндай орталық Қарасай ауданында да іске қосылады. Бұл алаңдар белсенді жастар үшін оқуға, дамуға және өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін орталыққа айналды.
Өңірде Жастар күні 10 тамызда – Абай күні басталды. Ұлы ақынның 180 жылдығына орай шығармашылық кештер, зияткерлік ойындар мен челлендждер, сондай-ақ «Ізгі істер марафоны» және «Таза Қазақстан» аясында қайырымдылық және экологиялық акциялар өтті. Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында белсенділерді марапаттау рәсімімен өтетін фестивальдар ұйымдастырылады.
Мерекенің шарықтау шегі – танымал қазақстандық орындаушылар қатысатын «Aspan Fest» ашық аспан астындағы концерті болмақ. Жастар күні аясында өңірде 50-ден астам іс-шара – спорттық турнирлерден бастап, тренингтер мен қайырымдылық акцияларына дейін өтеді. Оларға 50 мыңнан астам қатысушы жиналады. Мақсат – талантты әрі бастамашыл жастарды қолдау, көшбасшылық пен волонтерлікті дамыту.