2,4 трлн теңгеге дейінгі айқын өсім және өңір кәсіпкерлеріне белсенді қолдау – Алматы облысы бизнес пен инвестицияға басымдық береді

2,4 трлн теңгеге дейінгі айқын өсім және өңір кәсіпкерлеріне белсенді қолдау – Алматы облысы бизнес пен инвестицияға басымдық береді

Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жергілікті бизнес өкілдері және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталовпен кездесті. Жиында шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау шаралары және өңірге инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

Өңір басшысының айтуынша, шағын және орта бизнес әлі де экономиканың маңызды қозғаушы күші болып қала береді. Бүгінде облыста 150 мыңға жуық кәсіпкер жұмыс істейді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға көп. Саладағы жұмыспен қамтылғандар саны 8,4%-ға өсіп, 261 мың адамды құрады. 2025 жылдың I тоқсанында ШОБ 994,5 млрд теңгенің өнімін өндірді (+23,4%), ал қаңтар–маусым аралығында салық түсімдері 34,5%-ға артып, 150,6 млрд теңгеге жетті.

2025 жылы бизнесті қолдауға жергілікті бюджеттен 6,2 млрд теңге бөлінді. Қаражат несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға, қарыздар мен лизингке кепілдік беруге, сондай-ақ жас және әлеуметтік кәсіпкерлерге гранттар ұсынуға бағытталды. Гранттық бағдарлама аясында 79,9 млн теңгеге 16 жоба, «Даму» қоры арқылы 23,7 млрд теңгеге 119 жоба қолдау тапты.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов Алматы облысының кәсіпкерлікті дамытуда және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауда оң серпін көрсетіп отырғанын атап өтті. Ол мемлекет пен бизнестің серіктестігі айтарлықтай мультипликативті экономикалық әсер беретінін, ал қолданыстағы қолдау бағдарламалары кәсіпкерлерге тек позицияларын сақтап қана қоймай, өндірісті кеңейтуге, жаңа нарықтарға шығуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты. Баталов сондай-ақ «Атамекеннің» алдағы уақытта да өңір билігімен диалогты жалғастырып, бизнестің өзекті мәселелерін шешуге атсалысатынын мәлімдеді.

Жеке назар инвестицияға аударылды. Соңғы үш жылда олардың көлемі 60%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгеге жетті. Жаңа-Алатау өңірінде аумағы 96,5 мың гектар болатын салықтық жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған арнайы экономикалық аймақ құрылды. Алматы облысында жалпы аумағы 2 119,3 гектарды құрайтын алты индустриялық аймақ жұмыс істейді, тағы тоғызы құрылу сатысында, оның жетеуі БАКАД трассасы бойында орналасады.

Сәтті іске асырылған ірі жобалар қатарында — «Almaty Insulation» жылу оқшаулау материалдары зауыты, «Шин-Лайн» балмұздақ фабрикасы, Focus Logistics логистикалық хабы, KT&G кәсіпорны және «Оспанов Девелопмент» балық шаруашылығы бар. Осылайша, Алматы облысының инвестициялық портфелінде жалпы құны 6,3 трлн теңге болатын 229 жоба бар, ал 2025 жылы 302,7 млрд теңгеге 35 жобаны іске қосу жоспарланған.

Жыл басынан бері инвесторлармен 242 кездесу өткізілді, олардың 80%-ы Қытай өкілдерімен болды. Үш жыл ішінде өңірге 1,8 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

— «Біз әр инвестор мен кәсіпкер өз жобасын іске асырудың барлық кезеңінде қолдауды сезінуі үшін жағдай жасаймыз. Бизнес дамуы тиіс, онымен бірге өңір экономикасы да өсуі қажет», — деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.