Жыл басынан бері Алматы облысында 622 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – жылдық жоспардың 64,8 пайызы. Аталған көрсеткіш бойынша өңір республикада үшінші орынға шығып, құрылыс қарқынын қарқынды түрде жалғастырып келеді.
Соның айқын дәлелі – Ұйғыр ауданына қарасты Шонжы ауылында салынған жаңа көппәтерлі тұрғын үй. Ауылдың қақ ортасында орналасқан заманауи тұрғын үйден 60 отбасы қоныс тойын тойлап, пәтер кілттеріне ие болды. Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттері облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің жұмыс сапары аясында салтанатты түрде табысталды.
Үйдің құрылысы 2022 жылы басталып, биыл толығымен аяқталды. Бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерден тұратын бұл үй қазіргі заманның барлық стандарттарына сай салынған: ыстық су жүйесі орнатылып, электр плиталар мен орталықтандырылған газбен қамтамасыз етілген.
Жаңа үйге көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар және әлеуметтік осал топ өкілдері қоныстанды. Олар үшін бұл — жаңа өмірге жол ашқан зор қуаныш.
— "Халықты баспанамен қамту – бұл жай ғана міндет емес, бұл – біздің парызымыз. Әрбір отбасы мемлекет қамқорлығын сезініп, болашағына сенімді болуы үшін жұмысымызды жалғастыра береміз. Жаңа үй – бұл тек қабырғалар емес, жаңа өмірдің бастауы", — деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Қоныстанушылардың бірі – алты бала тәрбиелеп отырған Көккөзовтер отбасы. Олар үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп, жаңа баспанасын жайластырып жатыр.
— "Біз бұл күнді ұзақ күттік. Әлі де сенер емеспіз — енді өз баспанамыз бар. Арманымызды шындыққа айналдырған барлық жанға алғысымыз шексіз", — дейді Альбина Көккөзова.
2024 жылы облыс бойынша 960 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл бағытта Ұйғыр ауданы да белсенді жұмыс жүргізіп келеді.