Ұйғыр ауданында жаңа музей салынып, мектеп жөнделіп, колледж инфрақұрылымы жаңартылуда

Ұйғыр ауданында жаңа музей салынып, мектеп жөнделіп, колледж инфрақұрылымы жаңартылуда

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұйғыр ауданына жасаған жұмыс сапары аясында аудан тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, өңірдің дамуындағы өзекті мәселелер мен басты басымдықтарды талқылады. Ашық диалог форматында өткен кездесуде тұрғындар жол жөндеу, газдандыру, жастарды жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін көтерді. Кездесу қорытындысы бойынша тиісті салалық басқармаларға нақты тапсырмалар берілді.

Жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік және білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар облыс әкіміне таныстырылды.

Атап айтқанда, Шонжы ауылында жаңа музей құрылысы, Шырын ауылында мектепті қайта жаңғырту, сондай-ақ Шонжы политехникалық колледжінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары басталды.

Шонжы ауылында қазіргі заман талаптарына сай заманауи музей салынады. Жоба аясында ұлттық стильдегі сәулеттік шешімдер, интерактивті көрме залдары, балалар студиясы және лекторийлер қарастырылған. Құрылысты 2025–2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарлануда. Жобаның құны — 1,3 миллиард теңге. Құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті.

«Инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға ықпал етуі тиіс. Ұйғыр ауданында шамамен 90 мың адам тұрады. Әр тұрғын үшін қолайлы жағдай жасау — біздің басты міндетіміз», — деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Сапар барысында Шырын ауылындағы мектептің қайта жаңғыртылу барысы да назарға алынды. 2024 жылғы қаңтардағы жер сілкінісінен кейін үш қабатты ғимарат апатты деп танылған. Жаңа мектеп 640 оқушыға арналған, жалпы ауданы — 3 267,6 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары ақпан айында басталып, бүгінде 80%-ға аяқталған. Жобаның жалпы құны — 864,5 миллион теңге.

Сонымен қатар, 1976 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Шонжы политехникалық колледжінің инфрақұрылымын жаңарту да өзекті мәселе. Қазіргі уақытта мұнда 302 студент білім алуда, ал келесі оқу жылында олардың саны 327-ге жетуі мүмкін. Колледж директоры Гүлназ Тегісбаеваның айтуынша, инфрақұрылымды жақсарту білім сапасына оң әсер етіп, жастардың кәсіби әлеуетін арттырады.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі «Золотое Руно Т.» ЖШС-нің жүн өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бұл жоба 2019 жылы Дардамты ауылдық округінде жүзеге асқан. Жобаның құны — 300 миллион теңге, өндірістік нысанның ауданы — 1800 шаршы метр, жалпы аумағы — 2 гектар. Зауыттың өндірістік қуаты — тәулігіне 6 тонна. Мұнда 40 жаңа жұмыс орны ашылған.

Бұл бастамалардың барлығы өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Ұлттық мұраны ұлықтайтын музей, қауіпсіз әрі заманауи мектеп, кәсіби білім сапасын арттыратын колледж — бұлардың барлығы аудан тұрғындарының игілігі үшін іске асырылып жатқан маңызды жобалар.