Алматы облысында жидектер мен бақша дақылдарын жинау маусымы жалғасуда. Қолайлы ауа райы жағдайлары мен жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тиімді еңбегінің арқасында өңірде жоғары өнімділік көрсеткіштері тіркелуде. Атап айтқанда, құлпынай мен қарбыздан мол өнім алынуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл үш ауданда 61 гектар жерге құлпынай егілген. Қазіргі уақытта 309 тоннаға жуық құлпынай жиналды. Ең жоғары өнім Еңбекшіқазақ ауданынан алынды – 170 тонна. Одан кейінгі орындарда Талғар ауданы – 74 тонна және Қарасай ауданы – 65 тонна. Орташа өнімділік әр гектардан 50,7 центнерді құрап отыр.
Сонымен қатар, қарбыз жинау науқаны да белсенді жүргізілуде. Биыл бұл дақыл 700 гектар жерге егілген. Қазіргі таңда 15,7 мың тоннадан астам өнім жиналды. Агрономдардың айтуынша, әр гектардан орта есеппен 234 центнерден өнім алынуда.
— Биылғы маусымда фермерлер жақсы нәтижелер көрсетті. Жергілікті өнімге деген сұраныс артып келеді. Біздің міндетіміз – нарықты сапалы әрі балғын жидектер мен бақша өнімдерімен қамтамасыз ету, — деді Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Тоқпейісов.
Айта кетейік, агроөнеркәсіп кешені Алматы облысы экономикасының басым бағыттарының бірі болып саналады. Мемлекеттік қолдау аясында ауылдық жерлерде субсидиялау, жеңілдетілген несие беру және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда.